Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Атырау қаласына кіреберістегі 4 санитарлық бекетті аралады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әкімнің айтуынша, қауіпті инфекцияның алдын алу жұмысы күн сайын күшейтілуде. Қаңтар айында арнайы құрылған облыстық комиссия көптеген жұмыс жасап үлгерген. «Бүгін қаланың кіреберісіндегі санитарлық төрт бекетті аралап көрдім. Онда шаһарға кіретін жеңіл көліктердің бәрі тоқтатылып, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары жолаушылардың қызуын өлшеп, аты-жөні мен байланыс жазып алып, мәлімет жинақтауда. Алдағы күндері тиісті мамандар саны арттырылып, жұмыс күшейтіледі» - деп жазды әкім Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, демеушілер көмегімен алынған қосымша медициналық және гигиеналық заттардың жаңа легі келген. Сонымен қатар, облыс көлемінде 1,8 мыңға жуық стационарлық орын әзірленді.