Көптеген жылдар бойы миллиондаған тағдырлардың тоғысуы, жүздеген этностардың өзара араласуы, дәстүрлері мен өмірлік ұстанымдарының ұштасуы қайталанбас рухани және бірегей мәдениеті қалыптасқан ұлт болып ұйысып келеміз.
Соның мысалы ретінде өзім келін болып түскен Мұхаметжановтар әулетін айтуға болады. Марқұм қайын атам Ильяның ұлты татар. Атам Ұлы Отан соғысының мүгедегі болған. Елге оралып елі үшін адал қызмет атқарған азамат. Әсия атты қазақ қызымен отау құрып 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірген. Ескі Шой (қазір Бақсай аталған) ауылында қазақ халқымен бірлікте тұрып, бір-біріне қамқорлық танытып, бауырмалдық көрсете білген. Марқұм енемнің айтуы бойынша атамның ата-бабалары Қазан татарлары болған. Ертеректе Қазақстанға көшіп келіп, осында қоныстанған.
Қазіргі күні Мұхаметжановтар әулетінің ұл-қыздары қазақ отбасымен құдандалы болып, өзара сыйластықта тірлік етіп келеміз. 1992 жылы Мұхаметжановтар әулетінің тоғызыншы ұлы Рафхатпен шаңырақ көтеріп, бүгінде көп балалы отбасылардың біріміз. Қазақ мәпелеп өсірген қызын өзге ұлттан гөрі, өз ұлтына бергенді құп көреді. Бірақ бұл әулетпен ауылдас әрі таныс болғандықтан ата-әжем, ата-анам да тұрмысқа шығуыма қарсы болмады.
Әулетімізде қазақтың барлық салт-дәстүрі сақталған. Шаңырағымызда халқымызға тән қайырымдылық, бауырмалдық қасиеттері бойына дарыған ауылға сыйлы, өнегелі ұрпақтар өсіп келеді. Дастарқанымыздан татар халқының ұлттық тағамдарымен қатар қазағымыздың ұлттық тағамдары үзілген емес. Бұл күні біз, ата-бабаларымызды ризашылықпен еске алып, бір-бірімізге алғыс айтып, халқымыздың қайырымдылық дәстүрлерін жалғастырамыз.
Дария ҚОЖРАҚОВА,
Ақтоғай орта мектебі директорының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Сурет:дереккөз