Дариға Назарбаева Мәскеуде өткен кездесуде Жайық өзенінің мәселесін көтерді

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Ресейге жасаған ресми сапарының аясында Ресей Федерациясы Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, Tengrinews.kz. хабарлайды.

Мәскеуде өткен кездесуде Назарбаева Жайық өзенінің мәселесін көтерді.

"Трансшекаралық Жайық өзенінің жанайқайы бұған дейін де әртүрлі жиындарда бірнеше рет айтылды. Бірақ баяғы жартас бір жартас күйінде тұр. Шығып жатқан нәтиже жоқ. Мемлекеттік органдардың өкілдері, алпауыт тұтынушылар, үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ су үнемдеу және трансшекаралық өзендердің проблемаларын зерттеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институттары құрамына кіретін әрі біздің елдеріміздің бюджетінен қаржыландырылатын бірлескен комиссия құру зор пайда әкелер еді. Бұл мәселеде қолдау көрсетуде Федерация Кеңесіне ризашылығымды білдіремін ", - деді Дариға Назарбаева.

Дариға Назарбаева әңгіме барысында шекара маңындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше тоқталып, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарадағы өткізу бекеттерінің мәртебесін арттыру туралы мәселені қарастыру жөнінде ұсыныс айтты.

«Шекара аймақтарында тұратын адамдардың мүддесіне орай шекарадан өту рәсімдерін барынша оңайлату керек. Бұл әлеуметтік-экономикалық және мәдени алмасудың дамуына оң әсер етеді, аймақтағы шағын және орта бизнестің өсуіне, ықпалдастық үдерістердің қарқын алуына серпін береді», - деді ол.

Сенат төрағасы сонымен қатар ресейліктердің назарын Қазақстан мен Ресей азаматтарының екі ел аумағында жүріп-тұру және болу жағдайлары мәселелерінде тепе-теңдіктің жоқтығына аударды. Валентина Матвиенко Ресей мен Қазақстанның достық және одақтастық қатынастары екі мемлекеттің дамуына зор әсерін тигізетінін атап өтті. «Мұндай кездесулерде біз парламенттік бақылауды талап ететін және жоғары деңгейде қол жеткен уағдаластықтардың Ресей мен Қазақстан азаматтарының мүддесіне орай жүзеге асуын қамтамасыз ету мәселелерін көтереміз», - деді Валентина Матвиенко.

Валентина Матвиенко 2022 жылы Ресейде өтетін Дінаралық және этносаралық диалог жөніндегі дүниежүзілік конференцияны дайындауға орай бірлескен жұмыстарды бастауды ұсынды, сондай-ақ Дариға Назарбаеваны 2021 жылы өтетін үшінші Еуразиялық әйелдер форумының тең төрағасы болуға шақырды. Кездесу барысында Валентина Матвиенкоға I дәрежелі «Достық» ордені табыс етілді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы екі жақты қарым-қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан үлесі үшін марапаттау туралы Жарлыққа қол қойған еді.

Бұған дейін сенатор Сәрсенбай Еңсегенов те Жайық өзенінің жағдайына алаңдаушылық білдірген болатын.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT