Атырауда бөтен екі сиырды сойып сатып жіберген азаматтар бас бостандықтарынан айырылды деп хабарлайды Махамбет аудандық соттың баспасөз қызметі.
Атырау облысының Махамбет аудандық сотында Қазақстан Республикасының ҚК-нің 188-1-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен сотталғандар Р.К. мен А.К-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотталғандар Р.К. және А.К. 2020 жылғы 24 қаңтарда, 20 сағат 30 минут шамасында Аққыстау ауылына қарасты участокте ағаш қоршауды ашып, жәбірленуші Д.К-ның мал қорасына заңсыз кіріп, бірі 400 000 теңге, екіншісі 300 000 теңге тұратын 2 сиырды екеулеп сойып алады. Кейін алдын ала келісіп қойған ет өнімін сатып алушы К.А-ға ұялы телефон арқылы хабарласып, оның мал сойған қораға келуін сұрайды. К.А. өзінің «Газель» автокөлігімен келіп, сиырдың еттерін тиеп алып кеткен. Сотталғандар оқиға болған жерден бой тасалаған.
АБЖ арқылы өткен сот отырысында сотталғандар кінәларын толығымен мойындап, жасаған қылмыстық әрекеттеріне өкініш білдірді. Олар жәбірленушіден кешірім сұрап, келтірген материалдық шығынның орнын толтырған.
Алайда сотта жәбірленуші Д.К. сотталушыларға заң талабына сай жаза қолдануды сұрады.
Сот заң талаптарына сәйкес Р.К. және А.К.-ны Қазақстан Республикасының ҚК-нің 188-1-бабының 3-бөлігінің 2)-тармағымен кінәлі деп тану туралы үкім шығарды. Олардың әрқайсына 5 жыл 6 ай мерзімге бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалды.
Жаза өтеу орны ретінде қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесі белгіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Сурет:дереккөз