Атырау қаласы аумағында мамырдың 1 мен 25 аралығында "102" операторына жасөспірімдердің тұрғын-жайларынан хабар-ошарсыз кету фактісі бойынша жиырмаға жуық хабарлама түскен деп хабарлайды Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Талдауға сүйенсек, 3-8 жас аралығындағы сәбилердің жоғалуы бойынша 7 факті, 8-14 жас аралығындағы балаларға қатысты 5, 15-17 жастағыларға қатысты 5 факті тіркеліп, барлығы дерлік аман сау табылды.Тек бір сәби ғана, 20 мамыр күні Жұлдыз ықшам ауданында жоғалып, ауладағы кәріз құдығынан денесі табылды.
Балалардың жоғалуы туралы хабарлама түскен сәттен бастап, полицейлер жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Қалалық полиция басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, үйден шығып кететін жасөспірімдер негізінен 2-3 сағатта табылады.
Көп ретте кішкентай сәбилер үй маңайында ойнап жүріп, алыстап басқа көшеге адасып кетеді. Кейде жоғалған баланың ата-анасы полицияға жүгінуге асықпайды, өз беттерінше іздейді, таба алмаған соң ғана хабарлайды. Ересектердің қарауынсыз жүрген балалардың жол-көлік оқиғаларына түсіп қалу жайттары да жоқ емес.Тек мамыр айында балалардың қатысуымен 3 жол-көлік оқиғасы болған.
Қаладағы Тайманов көшесі бойындағы сауда үйлерінің бірінің тұсында орналасқан жаяу жүргінші белгісі тұсынан өтіп бара жатқан жерінен 2016 жылы туған жасөспірімді, Амандосов көшесіндегі колледж тұсында 2004 жылы туған жасөспірімді, Геолог ықшам ауданында 2015 жылы туған жасөспірімді жол бойында көлік қағып, салдарынан бір жасөспірім ғана аяғынан жарақат алды,қалған балалар ешқандай жарақатсыз үйлеріне жеткізілді.
Тәртіп сақшылары жасөспірімдердің қауіпсіздігі, оларға қатысты қатерлі жағдайлардың алдын алу, болдырмау мақсатында ата-аналар үшін түрлі жадынамалар таратып, профилактикалық әңгімелесулер өткізіп отырады. Ойнап жүріп, өздерінің тұрғылықты жерлерінен ұзап, адасып қалатындардың дені 2 мен 6 жас аралығындағы сәбилер, - дейді тәртіп сақшылары.
Тағы бір себеп, баланың көп қабатты үйлердің аулаларында ойнап жүріп қараусыз қалуы мен балаға жауапты (бағушы,күтуші, сәбидің өзінен үлкен аға-апасы) жалпы ересектердің балаларды көзден тасада қалдыруы.