Республика көлемінде өтіп жатқан «Бiрге – таза Қазақстан» жаңа экологиялық акциясына махамбеттіктер де өз үлесін қосты.
Еліміздегі көрнекі орындар мен табиғи аумақтарды қоқыстан тазартуды мақсат еткен акцияға 245 тұрғын қатысып, Жайық өзенінің жағалауын қоқыстан тазартты. Игілікті шара Жайық мөлтек ауданынан бастау алды. Аудан әкімі Жәрдемғали Ахметов акция қатысушыларын ақ Жайықты аялауға, табиғатты қадірлеп, қастерлеуге шақырды.
-Жайық өзені ықылым заманнан бері жағалауында қоныстанған елдің шөлін қандырып келеді. Өзен айналасындағы жасыл желек, тұнып тұрған тоғайлар жұтып отырған ауамыздың тазалығын қамтамасыз етуде. Сондықтан өзіміз жұтатын ауа мен ішетін суымыздың тазалығын сақтау біздің басты міндетіміз. Бұл күні республика бойынша экологиялық "Бірге - Таза Қазақстан!" акциясы жүріп жатыр. Осы акцияға қатысып жатқан ауылдастарыма алғысымды айтамын. Алайда біз тек акция аясында ғана емес елімізді, кіндік қанымыз тамған жерімізді қоқыстан үнемі тазартып отыруға міндеттіміз,- деді Жәрдемғали Бахуұлы.
Акция барысында №1 су тазарту ғимараты, Өрт сөндіру мекемесі, О.Шонаев орта мектебі, Шолпан балабақшасы, Бекқали талынан көпірге дейінгі аумақтағы 3 шақырымға жуық өзен жағалауы күл-қоқыстан, пластикалық бөтелкелерден тазартылды. Махамбет ауылы бойынша 50 мекеме қызметкерлері экологиялық тазалыққа атсалысты.
-ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар Министрі М.Мырзағалиевтың бастауымен республикалық деңгейге ұласқан "Бірге - Таза Қазақстан" экологиялық акциясына "Жасыл ел" Жастар еңбек жасағының Махамбет аудандық штабының 50-ге жуық сарбазы қатысып, аймақ бойынша Жайық жағалауында тазалық жұмыстарын жүргіздік. Туған жеріне құрметпен қарау, Табиғат-Ананы аялау, тұрып жатқан ауылын таза ұстау әр адамның парызы екені анық. Оның ішінде жыл өткен сайын арнасы азайып, тартылып бара жатқан ақ Жайығымызды қорғау бірінші орында тұр. Жайықтың жанайқайы жоғары деңгейде шешімін табуы тиіс мәселе екені анық. Біздің қолымыздан келетіні оның жағалауын тазалап, судың ластанбауына кішкене де болса өз үлесімізді қосу ғана. Біз «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары барша махамбеттіктерді «Бірге – Таза Қазақстан» акциясын ай сайын өткізіп тұруға, бұдан бөлек өз арамызда «Таза сенбі», «Таза көше», «Таза аула» акцияларын жиі ұйымдастырып, өз ауылымыздың экологиясын жақсартуға атсалысуға шақырамыз ,– дейді акция қатысушысы «Жасыл ел» Жастар еңбек жасағының сарбазы Алтынзер Талғатқызы.
- Адам – табиғаттың төл перзенті. «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтатын табиғаттың тілі жоқ» деп бекер айтылмаса керек. Жүректерінде табиғатқа деген қамқорлық, мейірімділік сезімдерін ояту әрбір адамның азаматтық парызы болуы тиіс. Өз денсаулығымыз мықты болсын десек, қоршаған орта тазалығына баса назар аударайық. Суын ішіп, ауасын жұтып, топырағын басып жүрген туған ауылымызды аялап, қадірлеу әрқайсымыздың қастерлі борышымыз. Тазалық мәселесі ауыл тұрғындарының барлығына қатысты. Әр азаматты тазалыққа тәрбиелеу отбасынан басталуы тиіс. Әрқайсысымыз өзіміз тұратын үй-жайдың айналасын таза ұстап, артық-ауыс қалдықтарды шашпай, ұқыпты болсақ, туған ауылымыздың қалай таза әрі көрікті мекенге айналғанын байқамай да қаларымыз анық ,– дейді ауыл тұрғыны Жұмазия Құрмашева.
Тазалық акциясына 2 МТЗ-80 тракторы тіркемесімен, 1 жүк тиегіш тракторы және 1 КАМАЗ автокөлігі жұмылдырылды. Акция кезінде 45 тонна қоқыс жиналып, тұрмыстық қалдықтар төгетін полигонға жеткізілді. Махамбет ауданының өзге ауылдық округтерінде де ауыл тұрғындары сенбілікке шығып, Жайық жағалауын жалтыратуға өз үлестерін қосты.
Б.СҮЙЕУОВА
Сурет:автордікі