«Respublica» партиясының Көкшетаудағы жиындарына мыңға жуық адам қатысты. Көкшетау қаласында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, еңбек ұжымдары және іскер әйелдер қауымдастығы өкілдерімен кездесулер өтті.
«Қазір университеттер мен бизнестің әртүрлі кеңістікте екенін көріп отырмыз. Бизнес өкілдері жоғары оқу орындарының қамқоршылық кеңестерінде болып, болашақ мамандарды даярлау бағдарламаларын реттеуі қажет. Бұл шара орта мерзімді перспективада білім сапасы мен елдің кадрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді», деді партия төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Айдарбек Қожаназаров.
Ол «Тыныс» АҚ ұжымымен кездесу барысында жоғары білікті мамандарды даярлау үшін бизнес пен жоғары оқу орындарының белсенді ынтымақтастығы қажеттігін атап өтті.
Ал партияның тең төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Динара Шүкіжанова облыстық іскер әйелдер қауымдастығының өкілдерімен кездесуінде қоғамда әлі күнге дейін әйелдермен байланысы бар стереотиптер тақырыбын көтерді.
«Қостанай қаласында «АгромашХолдинг KZ» және «СарыарқаАвтопром» сияқты комбайн мен машина шығаратын зауыттар бар екенін бәріңіз білесіздер. Мен осы құрылымдарға 2011 жылы қатардағы қызметкер болып келдім, 12 жылдан кейін осы кәсіпорындарды басқаруға кірістім. Бір күні клиенттердің бірі менімен кездесуге келді. Дәлізде жүр екен, қарсы алайын деп алдынан шықтым, ол күртешесін шешіп, менің қолыма ұстатты. Содан соң: «Рахмет, сіздің президентіңіз қайда?» деді. Мен президент екенімді айттым, бірақ ол: «Жоқ, жоқ! Компанияның президенті Динара қайда?» деді. Мен компанияның басшысы екенімді айттым тағы да. Ол таңғалды, кең шалбар киген, қолында балғасы бар, бойы екі метр әйелді елестеткенін де жасырмады. Мен мұндай стереотиптерді жиі кездестіремін», деді Динара Шүкіжанова.
Жалпы, «Respublica» партиясының тең төрағасы қоғамдағы көшбасшы әйелдерге деген көзқарасты өзгерту қажет деп санайды. «Парламенттегі әйелдер үлесін арттыруды талап етуінің бір себебі де осында», дейді ол.