Қадағалау органы еліміз бойынша криминогендік жағдайдың тұрақты екенін, қылмыстың 1,8%-ға (125180-ден 127480-ге дейін) елеусіз өсуі байқалатынын атап өтті.
2022 жылғы 7 қазанда Бас Прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесі, Премьер-Министр Кеңсесі, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар басшылығы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен криминогендік ахуал мәселелері және құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары талқыланды.
Оның құрылымында негізгі үлес ұрлық (9,2%-ға 43195-тен 47163-ке дейін) және алаяқтық (4,6%-ға 31925-тен 33387-ге дейін) арқылы өскен мүліктік қылмыстарға тиесілі болып отыр. Бұл ретте тонау (1,4%-ға, 1941-ден 1913-ке дейін), қарақшылық (24%-ға, 174-тен 133-ке дейін) және бұзақылық (9,3%-ға, 2025-тен 1836-ға дейін) сияқты пайдакүнемдік-зорлық-зомбылық қылмыстары азайды. Балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар 21,3%-ға, 792-ден 623-ке дейін) және жалпы отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстар (7,2%-ға, 727-ден 675-ке дейін) едәуір азайды.
Өткен жылдың осы кезге сәйкес кезеңімен салыстырғанда қаржы пирамидаларын құру және басқару туралы істерді тіркеу 45%-ға, интернет-алаяқтық 5%-ға қысқарды. Сонымен қатар кибер-қылмыскерлер өздерінің алаяқтық схемаларын әр уақытта жетілдіріп отырады. Көбінесе халықтың қаражатын алдап алу үшін, олар өздерін банктің және күштік құрылымдардың қызметкерлеріміз деп таныстырады, жетекші компаниялардың логотиптерін, танымал медиа адамдардың және жоғарғы лауазымды тұлғалардың суреттерін пайдаланады. Осыған байланысты интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бірлескен іс-шаралар кешенін одан әрі іске асыру мәселелері, ауыстырылатын абоненттік нөмірлерді пайдалана отырып жасалатын телефон қосылымдарын бұғаттаудың техникалық және заңнамалық аспектілері талқыланды.
Уәкілетті құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарға ұлтаралық алауыздықты қоздыруға бағытталған іс-қимылдардың жолын кесу тапсырылды. Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі өңірлік комиссияларға өңірлердің ерекшеліктерін ескере отырып, қылмыс жасаудың себептері мен жағдайларын жою бойынша белсенді шаралар қабылдау ұсынылды. Сонымен қатар, прокуратураның қолдауымен «Заң керуені» акциясы іске қосылады. Акцияның мақсаты - заңдарды түсіндіру, жергілікті жерде халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен қорғалу деңгейін арттыру, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайтуда азаматтық қоғам мен құқық қорғау және мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру болып табылады. Акцияға жергілікті жерлердегі уәкілетті органдардың мамандары да қатысатын болады.
Соңында Бас Прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы іске асыру, барлық саладағы азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау, қылмысқа қарсы, соның ішінде кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығы, есірткінің заңсыз айналымы, алаяқтық, қаржы пирамидалары бойынша кешенді шаралар қабылдау басым міндеттер болып табылатынын айқындады.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі