Баланың көңілі анада, ананың көңілі далада...

Отбасы – бала тәрбиесінің бастауы. Баланың саналы болып өсуіне отбасы мен өскен ортасының тигізетін әсері мол.

Бүгінгі қоғамда ең ақыры балаға жайлы үй мен адал ас тауып бере алмай жүрген ата-аналар жетіп артылады. Соның ішінде бар бейнетті өзі көтеріп жүрген жалғызбасты аналардың жүгі ауыр. Өткен аптада ауданымызда өткен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның отырысында моральдық, материалдық көмекке зәру ана мен баланың тағдыры талқыға салынды.

Күнделікті күйбең тіршілік, бала-шағаны материалдық жағынан қамтамасыз етуге басымдық беру, ата-ананы тұрмыстың құлына айналдырып, баланың тәрбиесі мен қауіпсіздігін мүлде ұмыттырып жіберетіні жасырын емес. Қазір қоғамда жалғызбасты ана, алимент төлеуден қашып жүрген, өз баласын мойындамайтын әкелердің қатары жылдан-жылға артып келеді. Қазақ қашанда «жетімі мен жесірін жылатпаған» халық еді. Алайда, бүгінде жетім бала мен жесір әйелге бөтен түгілі, жақындары жанашырлық білдірмейтініне куә болып жүргеніміз қынжылтады.

Комиссия отырысында күн тәртібіндегі мәселелердің ішінде балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы суицид фактілерін болдырмау, ерте жастан жүктіліктің алдын-алу, жасөспірімдердің бұзақылығы сынды өзекті тақырыптар талқыланды. Сонымен қатар жоспардан тыс Махамбет аудандық полиция бөлімінің бала тәрбиесімен айналыспаған ата-анасының мінез-құлқын қарау туралы Махамбет ауылының тұрғындары Габдиева мен Қасеноваға (Ред: кейіпкерлердің тектері өзгертіліп алынды) қатысты жинақталған іс-құжат қаралды.

Үш баласын кілттеп, түнде жұмысқа кетеді

Комиссия төрағасының уақытша міндетін атқарушы аудан әкімінің орынбасары М.Жұмахметұлы аталмыш іс-құжатқа қатысты оқиғаның мән-жайын О.Шонаев атындағы орта мектептің директоры Жанаргүл Ғалымжанқызынан баяндап беруді сұрады:

- Кәмелеттік жасқа толмаған 1-4 сынып аралығында О.Шонаев атындағы орта мектепте білім алатын 3 баласын анасы Қасенова түнгі ауысымдық жұмысқа кеткенде үйге жалғыз кілтеп кететіндігін біз өткен жылдың аяғында анықтадық. Мен осы балалардың сабаққа үнемі кешігіп келетінін камерадан көріп, мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісіне бақылауға алуды тапсырдым. Кейін мектеп инспекторы Ақбөбек Елешоваға ескертіп, ата-ананың өзімен сөйлесуге әрекет жасадық. Алайда біз барған үй бірнеше рет жабық тұрғандықтан ішке кіре алмадық. Бір жолы есікті іштен құлыптап отырған балалар байқаусыз ашып қалды. Отырған жерлері үй деуге де келмейді.Себебі, өте суық, едені жоқ, қараңғы бөлмеде балалар жалаң аяқ жүгіріп жүр. Аналары бұл уақытта жұмыста болыпты. Күні бойы қара суықта отырғандары аздай, байғұс балалардың кешкі уақытта да жалғыз қалатыны анықталды.

Анасына себебін сұрап едік: жалғызбасты екендігін, түнгі ауысымға көбірек ақша табу үшін шығатынын, жалақысы кредиті мен бала-шағасын асырауға жетпей қалатынын алға тартты. Балалардың әкесі құжат негізінде жоқ, алимент төлемейді, басқалай көмек көрсетпейді,-деп мәселенің қайдан туындағанын түсіндіріп берді. Одан әрі осы істі егжей-тегжейлі зерттеп, құжаттарына, балалардың қауіпсіздігіне жауап беріп жүрген мектеп инспекторы Ақбөбек Елешова да бірқатар фактілерді қосып өтті. Оның ішінде: ата-ана Қасеноваға түнгі ауысымдағы жұмысқа шығуға тыйым салынғанына қарамастан, балаларды үйде жалғыз қалдырмау жөніндегі ескертуге құлақ аспай, бірнеше рет өз үйінен табылмауы жөніндегі деректер де айтылды. Осының бәрінің ақиқатын өз аузынан есту мақсатында жиынға Қасенованың өзі де шақыртылды.

- Тұрып жатырған жылуы жоқ ескі пәтеріміз жалдамалы, әрі үй иесі бізге жергілікті уақытша тіркеуді бермей отыр. Соның кесірінен мен АӘК –ке құжат тапсыра алмадым. Жалғызбасты ана ретінде енді аудандық әкімдіктен осы тіркеу мәселесін шешіп беруін және пәтердің кезегі келгеше балаларыма ыңғайлы уақытша баспана тауып беруін сұраймын. Қазіргі жалдамалы үй апатты жағдайда болғандықтан наурыз айында иелері босатуды сұрап отыр,-деді ол. Ал, материалдық жағдайы дұрысталғанға дейін балаларды уақытша Бақсай ауылдық округіндегі интернатқа орналастырып беру туралы мектеп әкімшілігінің, аудандық білім бөлімінің ұсынысынан «Балалар тасбауыр болып кетпеуі үшін, жанымда қалуы керек, өзім тәрбиелеймін» деп үзілді-кесілді бас тартты.

- «Анасы күндізгі жұмысқа ауысты дегеннің өзінде салқын үйде, суық тамақ ішіп, өздері қараусыз қалған балаға ең алдымен от пен судан қауіп төнбей ме? «Біз қолымызды мезгілінен кеш сермегенде» үш кішкентайдың тағдыры не болар еді? Ойлауға қорқынышты»- дейді мектеп директоры Жанаргүл Ғалымжанқызы. Алайда, өзі өмірге өкпелі, тіршілік тауқыметін ерте көріп қажыған жас ана ақыл айтушыларды жау санап, жанына жуытқысы келмеді. Оны да түсінуге болады. Десек те, мемлекет ұсынып отырған қамқорлықтан да, әкімдік тауып беріп отырған уақытша баспанадан да бас тартуының себебін түсіне алмадық. Комиссия қорытындысымен 1 ай уақытқа бақылауға алынған бұл отбасында алдағы уақытта да балалар қараусыз қалса, іс аудандық қорғаншы істері жөніндегі мамандардың араласуымен сотқа жолданатын болады.

Балаларымен бірге бөтен еркекпен тұрады

Екінші мәселе тіптен күрделі болып шықты. Азаматша Габдиеваның да кәмелетке толмаған екі баласы О.Шонаев атындағы орта мектепте білім алған. Мінез-құлқында ауытқу бар жасөспірім қызымен мектеп психологтарының әңгімелесуі барысында, бұл үйде анасымен заңды некеде жоқ бөтен еркектің тұратыны анықталған. Қыз баланың қорқынышы мектеп басшысына жеткен соң, дереу дабыл қағып, аудандық білім бөлімін, мектеп инспекторын хабардар еткен. Осылайша анасы мектепке шақырылып, мән-жайды түсіндіруді сұрағанда, ол өзінен 12 жас кіші ер адаммен көңіл жарастырып, 4 жылдан бері бірге тұратынын мойындаған. Бір бөлмелі пәтерде анасы жұмысқа кеткен уақытта қыз баланың бөтен еркекпен жалғыз қалуын қауіпті санаған мамандар оны Бақсайдағы интернатқа өзінің өтінішімен ауыстырыпты. Бұл мәселе шешілгенімен, Габдиеваның интернаттан белгілі себептермен шығарылған кәмелетке толмаған баласы О.Шонаев мектебіне орналасады.

Міне, осы сәттен бастап жасөспірім бала мен өгей әкенің арасындағы ерегіс басталып, ортаға анасы, мектеп басшылығы, мектеп инспекторы мен учаскелік полиция мамандары да араласады. Анасымен тұратын бөтен еркектің үнемі жәбір көрсететінін мамандарға айтқан балаға, өгей әке жиі жұдырық ала жүгіріп, тіпті бір жолы көлікпен қуып, жазым етпек болған. Абырой болғанда бала қашып құтылып, есерсоқ еркек көлігін өзі паналап отырған әйелдің үйіне соғып, бір-ақ тынышталады. Осындай сорақылықтың бәріне қарамастан Габдиева балаларын қорғаудың орнына, сол еркектің сөзін сөйлеп, үстінен полицияға арыз жазудан бас тартып отыр. Ал, мектеп бітіруіне бірер ай қалған жеткіншек сол жиында көзіне жас алып тұрып, анасының қасында болуын қалайтынын, сол еркектен қорғағысы келетінін айтқанда қосылып жыладық. Ең сорақысы, осы жағдайдың барлығын естіп біліп отырған Габдиеваның бұрынғы күйеуі де, балаларды қорғаудан, бағудан бас тартқан. Жеткіншек әкесіне де барғысы келеді-ақ, әттең соны түсініп, балам деп бауырына басқалы отырған ол жоқ.

Аталмыш азаматша қызмет ететін мекеме басшылары да бұл жиынға қатысып, осы оқиғаның барысында Габдиеваға ақыл-кеңестерін айтқанын жеткізді. Алайда, ағайынның да, дос-жаранның да сөзіне құлақ асар ана жоқ. Бар жауабы үнсіздікпен шектелді. Бірақ, мәселе баланың тағдырына келгенде қалай үнсіз қалуға болады? Үлкен ұлы студент болып өз күнін өзі көруде, кішісі қолында жүріп өгей әкесімен түсінісе алмайды, қызы болса қорқып, интернатқа кетіп қалған. Әрине, жалғыздық Құдайға жарасады. Әйтсе де өзін де, өзінен туған ересек балаларына да қарасып, маңдайынан сипамаған, әкелік мейірімді, ер азаматтың қамқорлығын көрсете алмаған еркекке сонша тәуелді болудың не қажеті бар? Айтуға аузың бармайды, сынауға сөзің жетпейді.

Бізді алаңдатқаны соны көріп өсіп келе жатқан балалардың болашағы мен тағдыры. Комиссия мүшелері де бұл оқиғаға қатысты қандай ақыл-кеңес айтарын білмей дал болды. Ең ақыры, таңдауынан адасқан анаға үш баласын жетімдер үйіне өткізуге жол бермей қамқорлап, өмірлеріне қауіп төндірген ер адаммен қарым-қатынасын үзуді өтінді. Бұл отбасыға да бір ай уақыт берілді. Бақылауға берілген мерзімнің ішінде тағы да сондай фактілер тіркелсе, іс сотқа жолдануы мүмкін.

Түйін:

Бала тәрбиесі, болашағы ата-анаға ортақ парыз. Ал, бүтін бір отбасыға ана жауапты болғанда жауапкершіліктің екі есеге артары сөзсіз. Біз бұл жолы бірер мәселені ғана көтердік, ал ауданда, елімізде, әлемде күнделікті тұрмыстық жанжалдың құрбаны болып жатырған қаншама бейкүнә сәби бар. Ата-анаға берген Алланың ең үлкен аманаты бала. Олай болса, баланың көңілі анада, ананың көңілі далада болмауы керек.

Айнұр САТАЕВА

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT