Балаково станциясының мүмкіндіктері

Қазір электр қуатының тапшылығы – тек Қазақстанда емес, күллі әлемге ортақ проблема. Өйткені, қазір біздің өмірімізге қажетті техникалардың барлығы да токпен жұмыс істейді. Мәселен, Атырауда қуат таратушы тек екі оператор бар, олар «KEGOC» және «Атырау Жарық» акционерлік қоғамдары. Бүгінде облыс халқының электр энергиясын тұтыну көлемі 1060 мегаватқа жетіп отыр. Одан артық қажеттілік туындаса, Ресей Федерациясынан импорттауға мәжбүрміз. Көрші елдегі бізге электр қуатын беретін Саратов облысындағы Балаково атом электр станциясы. Саралап көрсек, ол дүние жүзіндегі іргелі АЭС-тердің бірі екен. Ал, біз ол туралы не білеміз? 

Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, Саратов су қоймасының сол жағалауындағы, Саратов облысының Балаково қаласынан 12,5 шақырым жерде орналасқан станция энергия өндіру бойынша Ресейдегі ең ірі АЭС-тердің бірі көрінеді. Аз-кем шегініс жасасақ, бұрын қазақ жері болған бұл мекеннің негізгі атауы «Балақ» екен. Алайда, орыс тілінде құжатқа жазылғанда «Балаково» аталған. Мұндай атаулар Ресейдің шекаралас аудандарында көп екенін көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Мысалы, Орынбор – Оренбург, Домбауыл – Домбаровский, Қамысақты – Камызяк, Шиқанды – Шиханы, Қуандық – Кувандык, Тұзтөбе – Соль-Илецк, т.с.с.

Ал, әлгі біз айтып отырған Балақ станциясына қайта оралсақ, ол жыл сайын 30 миллиард киловатт/сағат қуат өндіреді. Қазір әлемдегі барлық типтегі іргелі электр станцияларының ішінде 51-ші орында тұр. Балақ (орысша – Балаково) атом электр станциясының алғашқы энергоблогы 1985 жылы желтоқсан айында Кеңес Одағының бірыңғай энергожүйесіне қосылған. Станцияда осыдан алты жыл бұрын өндірілген қуат көлемі 31,861 млрд. кВт/сағатқа жеткен.

Сарапшылардың айтуынша, атом электр станциясын салу үшін орындар арнайы таңдалып белгіленеді екен. Айталық, Балақ станциясы да елді мекеннің жел жағында, тегіс жерде, суды салқындататын құрылғылардан алыс аумаққа салынған. Оның реакторлық және машиналық бөлімшелерден тұратын моноблоктарының 4 негізгі корпусы (энергия блогы) жағалау сызығының бойында, соңғысы су қоймасы-салқындатқыш бағытына қарай тұрғызылыпты. Негізгі корпустар мен су айдыны арасында блоктық сорғы станциялары, техникалық сумен жабдықтау құбырлары мен жолдар бар. Станция аумағында арнайы корпус, зертханалық-тұрмыстық, әкімшілік-тұрмыстық және біріктірілген қосалқы корпустар жұмыс істеп тұр. Негізгі корпустың әрбір моноблогы реактор және машина бөлімшелерінен тұрады. Реактор бөлімі герметикалық және герметикалық емес бөліктерден құралады.

Негізгі корпустардың артында ауданы 24,1 шаршы километр техникалық су қоймасы-салқындатқыш бар, оның суы ашық жеткізу арналары арқылы оның жағасында орналасқан төрт блокты сорғы станциясына құйылады. Ал, Балақ АЭС-іне арналған ядролық отын Новосибирск қаласындағы химиялық концентраттар зауытынан жеткізіледі екен.

Әрине, мұның құрылысы салынбас бұрын бірнеше рет зерттеу жүргізіліп, қолайлы аумақ таңдау үшін біраз жобалар жасалған. Тек құрылысының өзіне тартылған 8000-нан астам маманның біразы – өзге елден келгендер. Кейбір келеңсіздіктерге қарамастан, станция құрылысының арқасында елді мекендерге инфрақұрылым жүргізіліп, жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілген.

Жалпы бұл АЭС-тің радиациялық қауіпсіздігі Ресейдің басқа станциялары секілді бірқатар мемлекеттік құжатпен реттелген екен. Тарихи мәліметтерге көз жүгіртсек, Балақтағы станциясы көптеген шетелдік серіктестермен ынтымақтаса жұмыс істейді. Ал, мамандары Козлодуй, Оңтүстік Украина, Олдбури атом электр станцияларына әріптестік тексерулерге қатысады.

Бүгінде ЕDF (Électricité de France, Франция), RWE (Rheinisch-Westfälisches Elektrizitätswerk, Германия), Areva NP (Франция-Германия), NAEK Energoatoat (Украина), JNPC (Jiangsu Nuclear Power Corporation, Қытай) секілді ірі электр өндіруші компанияларымен тығыз қарым-қатынаста. Соңғы жылдары станция Қытайдың ТЯНЬВАНЬ атом электр станциясымен белсенді байланыс орнатқан, Запорожьедегі АЭС-тің де серіктесі. Ірі электр энергиясын өндіруші Болгария, Чехия, Словакия, Испания, Ұлыбритания, Швейцария, Иран, Үндістан, басқа да елдердің АЭС-терімен байланыс орнатқан.

Бұл АЭС Ресей экономикасы мен оның атом энергетикасы деңгейінің жоғарылауына айтарлықтай үлес қосып келеді. Осы жылдар ішінде Балақта жалпы сомасы 23,17 миллион еуро болатын 32 жоба іске асқан. Соның негізінде жаңа жабдықтар мен құрылыс кезінде станцияға орнатылған жабдыққа қосалқы бөлшектер жеткізілген.

Р.S. Иә, атом электр станциясы ең алдымен көршіге алақан жайғызбайды. Оның үстіне, ол ұзақ мерзімде және үлкен көлемде электр қуатын тұрақты өндіріп тұратын өндіріс ошағы. Мысалы, бір ғана реактордың қуаты көмір немесе газ станцияларына қарағанда әлдеқайда жоғары. Сондай-ақ, АЭС-тер атмосфераға көмірқышқыл газын тым аз мөлшерде шығарады. Десек те, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және радиоактивті қалдықтарды басқару мәселелерін де назардан тыс қалдырмаған жөн.

(ресми дерек көздері негізінде әзірленген)

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT