Бағдарлама аясында 23 566 адамды жұмыспен қамту көзделмек

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты жиын өтті, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Жиын барысында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысы мен еңбек берешегін болдырмау, сондай-ақ электрондық еңбек шарттары талқыланды.

2019 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 28 344 адам жұмыспен қамтылып, 5 млрд. теңге қаржы игерілді. Барлық жоспарланған шаралар толығымен орындалды. Биылғы жылы бағдарлама аясында 23 566 адамды жұмыспен қамту көзделуде.

- Жалпы, жыл басынан бері Жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан 11 410 адамның ішінен 6 217-і яғни 54,5 пайызы жұмыспен қамтылды. Есепті кезеңнің соңына жұмыссыздар саны 9 805 адамды құрап отыр, - дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла.

Мекемелерден түскен тұрақты жұмыс орындарына 2 344 адам орналастырылды немесе жылдық жоспар 19,5% ғана орындалды. Төмен көрсеткіштер Атырау қаласында 9,8%, Жылыой және Исатай аудандарында 14,8% құрап отыр. Отырыста облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асуы тиіс жұмыстарын өз деңгейінде ұйымдастыра алмай отырған аудан әкімдерін сынға алды.

- Жұмыстарыңызда кемшілік көп. Бәрін карантинге сілтейсіздер. Маған жоспарды қай уақытта толық орындайтынтарыңыз керек. Келесі айда жүктелген міндетті қаншалықты орындап, көрсеткіштерді жақсарта аласыздар. Нақты жоспарларыңызды айтыңыздар. Карантинді сылтауратуды қою керек. Жұмыс істейтіндерге әрдайым жол ашық. Төтенше жағдай тіпті карантин кезінде де жұмыс істеуге арнайы рұқсат бердік. Облыстық арнайы штаб сол үшін күні-түні жұмыс істеді, - деді аймақ басшысы.

Жиын соңында облыс әкімі құзырлы органдармен бірлесіп, мекемелер мен кәсіпорындарда еңбекақылардың уақтылы және толық көлемде төлену жағдайына мониторингілеу жұмыстарын жалғастыруды, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік әлсіз топтың мәселелерін терең зерделеп, талдау жасауды тапсырды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT