Ажырасуға әйел теңдігі себеп пе?

Отбасының беріктігі өз қолымызда екенін естен шығармайық.

Гендерлік теңдік тек әйелдердің ғана емес, сонымен қатар ерлердің де теңдігін қоғамда жоғалтпау керектігін еске салады. Көптеген жас отбасылар теңдік деген ұғымды асыра сілтеп немесе әйел заты ерін жердей етіп, өзін жоғары қоюы себебінен ажырасып кетіп жатады.

Осы орайда бір оқиға есіме түсіп отыр. Бірде жас қызбен таныс болдым. Сұлулығы көз тартарлық бойжеткенмен әңгімелесу барысында оның бұрын отбасылы болғанын, қазір ажырасып кеткенін білдім. Ажырасудың себебін білмек ниетпен қойған сауалыма оның айтқан жауабы: «күйеуімді сүймеймін, онымен бірге тұрудан жалықтым» дейді. Өзегін жарып шыққан ортақ екі баласына қарамастан, осылай оп-оңай ажыраса салу бұл нағыз сорақылық емес пе?

Көпке топырақ шашудан аулақпын, алайда мұндай оқиғалар күн санап қоғамда өсіп барады. Бұған себеп не?! Бұлай жалғаса берсе, болашағымыз не болмақ? Біреулер балаларын туа сала далаға тастап кетіп жатса, енді бірі ажырасу ең оңай шешім деп есептейді. Қоғамда белең алған мұндай оқиғалар көкейге қорқыныш тудырады.

Отбасында балаға әкенің, ананың тарапынан рухани әрі материалдық жағынан қолдау көрсетіп, ең маңыздысы бір-біріне деген құрметпен, түсіністікпен өмір сүрсе, бұл ұрпағың үшін үлкен тәрбие деп білемін.

Отбасы берік болу үшін гендерлік теңдік сақталу қажет. Ата-бабамыз сақтаған салтты берік ұстанып, ер адамның әйел адамға қарағанда орны жоғары екендігін, балаларымызға «әкеңді тыңда, әкеңмен ақылдас» деген жылы сөздер жиі айтылса, отбасы берік болар ма еді?!

Әрбір жас буын толыққанды отбасында тәрбие алып, бақыттың тек ақшада немесе материалдық дүниеде емес, шынайы махаббатта екендігін түсінсе игі.

А.Косымбаева,

Махамбет аудандық сотының

кеңсе-бас маманы

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT