Ажал құштырған айфон

Айдың күні аманында, тапа-тал түсте Атырау қаласында екі қызды көлік қағып, өмірден озды. Бұл жөнінде әлеуметтік желілер жарыса жазып, түрлі пікірлер айтылуда.

Әрине, өлген адамның жаманы жоқ дегендей, ойда жоқта опат болған қырмызы қыздарды ғайбаттаудан аулақпыз. Бірақ әңгіме ауанына қарағанда, сөзіміз ауыр болмасын, қос бойжеткен құлағына айфонның микрофонын жалғап қойып, кісі түсініп болмайтын айқай-шу әуеннің жетегінде қаннен қаперсіз келе жатқанда абайсызда жүйткіп келе жатқан көлікке соғылған. Бәлкім жылдамдықты асырған, алдындағы жаяу жүргіншіні байқамаған көлік жүргізушінің де әрине, кінәсі бар шығар? Оны енді заң анықтай жатар.

Ал енді бір-бір үйдің еркелетіп, үкідей үлбіретіп өсірген қыздарының қапияда көз жұмуы-естіген жанның жүрегін дір еткізеді. Тағы да сол жастардың ерік-жігерін, жан дүниесін жаулап алған ғаламтор ғажайыптарының кесірі. Әйтпесе жан-жағына қарап, көлік қозғалысын бақылап, жол ережесін сақтап жүрсе, мұндай орыны толмас қайғылы оқиға орын алмас еді. Осының алдында дәл осындай жағдайда пойыздың астына түсіп, мерт болған адам туралы да естіп, жағамызды ұстағанбыз. Апырай, гүрілдеп жанына келіп қалған паравоздың дыбысын естімегені ме, айналасына қарамағаны ма? дейміз ғой баяғы.Өкінгенмен не пайда?

Ертеңді-кеш функциялары көп, қымбат қалта телефондарынан бір ажырамай, өздерінше жаңаша өмір сүріп, рахатқа батып жүрген жастарымыз жеткілікті. Тіпті бір-бірімен бәсекеге түскендей, денелерін айқыш-ұйқыш сыммен шандып жүргендерін қайтерсің? Ұйықтағанда да сол самсаған сымдар құлақтарына ілулі күйінде, даңғаза әуен әлеміне еніп, қалай қалғып кеткендерін сезбей қалады. Бұған бір тыйым салатын механизм бар ма? Балғамен ұрғандай құлақтарына соққылап жатқанда денсаулығын жойып алмасына кім кепіл? Жұмысқа бара жатқан, мектептен келе жатқан жасөспірім жастарды көшеде жиі кездестіреміз. Сол ауыздарында қайшылаған сағызы, құлаққа жалғанған түрлі шнурлар... сау-саламат жоқ, жаныңнан безірейіп өте шығады. Тірліктерін көріп, түңіліп кетесің. Бұған бір тосқауыл қоятын күн туар ма екен?

Н.ТЕЛЬМАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521