Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров комиссия отырысында ҚР президенттігіне үміткер Жигули Дайрабаевтың талаптарға сай екенін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов Жигули Дайрабаевты ҚР президенттігіне «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұсынғанын айтып, үміткердің ОСК қарауына қандай құжаттар тапсырғанын атап шықты.
Сондай-ақ ол кандидат Жигули Дайрабаевқа қатысты Сайлау туралы Конституциялық заңның 59-бабының талаптарына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті сұрау салулар жіберілгенін хабарлады.
«ҚР президенттігіне кандидат Жигули Молдақалықұлы Дайрабаевтың ҚР Конституциясында және ҚР Сайлау туралы Конституциялық заңында оған қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау туралы хаттамаға қол қойылды. Осылайша Орталық сайлау комиссиясы республика президенттігіне кандидат Жигули Молдақалықұлы Дайрабаевтың Конституцияда және ҚР Сайлау туралы Конституциялық заңда оған қойылатын талаптарға сәйкес екендігін анықтады», - деді ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.