Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірқатар мәселелер сөз болды. Соның ішінде, агроөнеркәсіп кешенің әлеуетінін арттыруға қатысты біраз дүниелер айтылды.
Президент шикізатты сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттырудың маңыздылығы мен өнімді шетелге шығаруға қолдау көрсету қажеттігін айта келе: «Малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстаған жөн. Мал шаруашылығының экспорттық әлеуеті осыған байланысты, — деп атап өтті.
Аудан бойынша айтып өтсек, малдың жұқпалы ауруларына қатысты жағдай тұрақты. Жыл сайын төрт-түлікті аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп отыр. Бұл жөнінде аудандық ветеринария бөлімінің басшысы М.Сидеғалиев айтып берді.
- Өткен жылы диагностикалық тексеру қорытындысымен 35 бас мүйізді ірі қара, 13 бас қой-ешкі, 1 бас түйе малынан бруцеллез ауруына оң нәтиже көрсетуіне байланысты ветеринариялық санитариялық талапқа сай Атырау қаласындағы арнайы мал сою орнында қайта өңдеуге тапсырылды. Бруцеллез ауруына бейім оң нәтиже көрсеткен малдар тұрған 26 тұрғынның жалпы аумағы 1078 шаршы метр болатын аула қорасына залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді, - дейді М.Сидеғалиев.
Соңғы жылдары аудан көлемінде оның ішінде Ақтоғай, Ақжайық, Бақсай ауылдық округтері аумағында түйе малдарын қарақұрт шағып улану фактілері теркелген.
Өткен жылы аудан шаруашылықтарына ауданнан тыс басқа облыстардан және облыстың өзге аудандарынан 115 бас мүйізді ірі қара, 186 бас қой, 36 бас жылқы, 3 бас түйе малдары әкелініп, ветеринариялық-санитариялық талапқа сай карантинге қойылып, тиісті әкімшілік аумақтың ауылшаруашылығы малдарын бірдейлендіру дерекқорына уақытылы енгізілген.
- Ветеринария саласы бөлімі мамандарының атқарған жұмыстарың нәтижесінде аудан көлемінде аса қауіпті малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуал тұрақты , - дейді бөлім басшысы.
Б.Сапарова.