Аудан әкімдеріне сақтық шараларын күшейту тапсырылды

Атырау облысының әкімі Covid-19 індетіне байланысты аймақтағы эпидемиологиялық ахуал жөнінде жиналыс өткізді. Жиында індетті таратпау мен алдын-алу жолында жасалып жатқан жұмыстар талқыланды, деп хабарлайды, Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Бүгінде облыста Covid-2019 инфекциясын жұқтырғандар саны 1222, оның 1022-сі Теңізден болса, қалған 200-і қала мен аудандардан тіркеліп отыр. Атырау облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Амантай Жұмағалиев карантин жарияланған аудан және ауыл тұрғындарының барынша сақ болу керектігін ескертті. Өйткені, көптеген тұрғындар әлеуметтік желіде тараған коронавирус жоқ деген алыпқашпа әңгімелерге сенеді. Ол аздай маскалық режим мен арақашықтықты сақтауда абай болмай отыр. Сондықтан той-томалақ, қонаққа бару, сондай-ақ өзге де адам көп жиналатын шаралардан бас тартуға шақырды.

- Әрбір адам бірінші кезекте өзінің сақтығын ойлауы керек. Одан соң туысқандары мен жақындары үшін сақ болуы тиіс. Айналадағы адамдармен мүмкіндігінше ара қашықтықты сақтау қажет,- дейді Амантай Жұмағалиев.

Ал облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова коронавирус індеті басталмай тұрып-ақ аймақта ауқымды дайындық жұмыстары мен алдын-алу шаралары жүргізілгенін айтты. Соның арқасында қауіпті дерттің жаппай таралуына жол берілмегенін атап өтті.

- Алғаш Covid-2019 инфекциясы тіркелген кезде облыста небары 130 кереуеттік инфекциялық стационар болса, қазір 595-ке, бастапқыда 1900 орындық карантиндік стационар болса, қазір 2328-ге жетті. 200 кереуеттік провизорлық стационарды 263-ке дейін көбейттік. Бүгінгі күні инфекциялық стационардан 773 науқас, провизорлық орталықтан 429 сондай-ақ карантиндік стационардан 2255 науқас емделіп шықты,- деді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.

Жиын соңында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов әсіресе, аудан әкімдеріне сақтық шараларын күшейтуді тапсырды. Атап айтқанда, Covid-2019 инфекциясының таралуына жол бермеу үшін әрбір әкім өз басымен жауап беретінін қадап ескертті.

Карантинге жабылған аудандарға медициналық көмек көрсетуді, қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету керек болса, облыстың көмектесуге дайын екенін де жеткізді. Аймақ басшысы ең бастысы, халыққа коронавирустың қауіпі туралы түсіндіру жұмыстарын бір сәт те тоқтатпауды жүктеді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT