Атырау қаласындағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің оқушысы Эльдар Құрмашев жаңа KazMessage мобильді қосымшасын ойлап тапты. Бұл қосымша WhatsApp әлеуметтік желісінің баламасы болып табылады. Бағдарлама смартфондарға арналған Android операциялық жүйесінде қолданылады. Жаңа жобаның ерекшелігі, телефондағы мәліметтерді өзгелер қолдана алмайды.
Жас өнертапқыш жаңа қосымшаны жуырда ғана Playmarket-ке орналастырды.
– Playmarket-ке тіркеген он төрт тәулікте бұл қосымшаны 2500 адам ұялы телефонына жүктеп үлгерді. 1500 адам тұрақты қолданып отыр. Жобамның атауын KazMessage деп атағандағы мақсатым, қазақ елін әлемге таныту. KazMessage 55 тілге ауысады. Түнгі режимінен өзге бұл қосымшада әрбір адамның байланысы үшін бөлек-бөлек әуен қоюға болады. Қазір оннан аса қоңырау әуені бар. Бір топқа 250 адамды тіркеуге мүмкіндік берілген. Алдағы уақытта аталған қосымшаны бүкіл қазақстандық пайдаланса деп армандаймын. ІТ саласынан білімім болмағандықтан жаңа қосымшаның қолданыс аясын кеңейтуге әзірге мүмкіндігім болмай тұр. Енді жаңа қосымшаның App Store, Windows бағдарламаларына қолданатын нұсқасын қарастырудамын. Мақсатым пайда табу емес, қазақ баласының мұндай бағдарламаларды ойлап табуға мүмкіндігін дүйім елге паш еткім келеді. Енді қосымшаның арнайы сайтын ашып, кең қолданыста болуына бар күшімді саламын ,-дейді Эльдар Артурұлы.
Эльдардың жаңа KazMessage мобильді қосымшасының басты ерекшелігі, телефонды жоғалтып алған жағдайда, оның ішіндегі сақтаулы тұрған мәліметтерді телефонды тауып не ұрлап алған адам пайдалана алмайды.
Өйткені, бұл жаңа қосымшаға қосыларда әркім арнайы белгіленген 30 сан кодын алады және жаңа телефонына сол код арқылы жоғалған телефонындағы контактілердің смс-хаттары мен сурет, видеоларын қайта жүктеп ала алады.
«Жайық-Ақпарат»