Атырауда үш жерге мұнай өнімдері тәріздес сұйықтық төгілгені анықталды

Атырау облысында үш жерге мұнай өнімдері тәріздес сұйықтық төгілгені анықталды. Бүлінген жердің аумағы 323 шаршы метрді құрайды.

Облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мұнай өнімдеріне ұқсас сұйықтық Исатай ауданындағы Жанбай ауылының маңына төгілген.

«Атырау облысы бойынша экология департаментімнің мамандары әлеуметтік желіге жүктелген видео, фотоларға ұдайы мониторинг жүргізіп отырады. Сондай мониторингтің бірі 17 қыркүйекте жүргізіліп, мұнай өнімдері тәріздес сұйықтық төгілген жерлерге назар аударылды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Кейін департамент мамандары белгісіз біреулердің Исатай ауданындағы Жанбай ауылынан 3 шақырым қашықта мұнай өнімдері тәріздес сұйықтықты ашық далаға төгіп кеткенін анықтады. Жедел әрекет ету мақсатында департамент мамандары аталған орынға барып, тексеру жұмыстарын жүргізді.

«Тексеру кезінде мұнай өнімдері тәріздес сұйықтық төгілген үш аумақ анықталды. Бүлінген жердің жалпы ауданы 323 шаршы метрді құрады. Қоршаған ортаға зиян келтіргендердің заңсыз әрекетінтен бүлінген үш аумақтан зертханалық талдау жұмыстары жүргізіледі. Осы мақсатта ластанған топырақтан сынамалар алынды», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Қазір табиғатты бүлдіру дерегі бойынша қарау актісі жасақталды. Бүлінген аумақтар фото және бейнежазбаға түсірілді. Кінәлі адамдарды анықтау мақсатында тиісті құжаттар жинақталып жатыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521