70% қызметші меритократия қағидатымен жоғары лауазымдарға тағайындалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік қызметте меритократия қағидаты негізінде ілгерілету жұмыстарын күшейтуге баса назар аударып келеді. Өз кезегінде, 2022 жылы Атырау облысының жергілікті атқарушы органдарында өткізілген ішкі конкурстар нәтижесімен 70% мемлекеттік қызметші, яғни 50 қызметшінің 35-і меритократия қағидатын сақтай отырып, жоғары лауазымдарға тағайындалды.
Осы және басқа да ақпараттарды Департамент басшысы Ерлан Ермаханбетов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткізілген брифинг барысында баяндады. Сондай-ақ, 2022 жылдың 1 сәуірінде Атырау облысы Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысы лауазымына Президенттік жастар кадр резервіне алынғандар қатарынан Нұрбол Жаңабеков тағайындалды.
Сонымен қатар, 2022 жылы мемлекеттік қызметке студенттерді алдын-ала бейімдеу, дарынды, белсенді жастарды тарту мақсатында Департаментпен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің базасында «Мемлекеттік қызмет мектебінің» 4 айналымы қорытындыланып, 24 студент сәтті аяқтады.
Университет базасында мектептің арнайы кабинеті ашылып, кабинет – студенттер үшін мемлекеттік қызметті өткеру мәселелеріне қатысты қажетті оқулықтармен, интерактивті тақтамен, стендтермен, заңдардың QR кодпен жасақталған сілтемесімен және ақпараттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Атап өту қажет, қазіргі таңда аталған «мектептің» 37 түлегі мемлекеттік қызметте еңбек етуде.