Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті қарасты Пробация қызметімен «Учаске» республикалық профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Шараға полиция қызметкерлерімен қатар, пробация қызметінің 33 қызметкері жұмылдырылды.
- Күшейтілген іс-шара барысында Пробация қызметінің қызметкерлері Ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесіп, қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға сотталғандардың тұрғылықты мекен-жайлары бойынша тексеріп, мінез-құлқын, тұрмыс-тіршілігін бақылап, олармен тәрбиелік мәні бар профилактикалық сұхбаттар жүргізіп жатыр,-дейді Атырау облысы бойынша ҚАЖД Пробация қызметіне басшылық жасау бөлімшесінің бастығы Нұрлан Қабдолов.
Атырау облысы бойынша ҚАЖД баспасөз-қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда пробация қызметінің есебінде тұрған 499 сотталғанның мекен-жайына тексеріс жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ, арнайы құқықтық-база арқылы сотталғандардың пробация қызметін хабардар етпей мекен-жайын ауыстыру, әкімшілік жауапкершілікке тартылу, шетелге шығу секілді істерді жасаған-жасамағандығын анықтау жұмыстары жүргізілуде.
- Аталған тексеріс барысында 39 сотталған сот жүктеген міндеттерден жалтарғандығы анықталып, ескерту жарияланды және 8 сотталғанға қатысты бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру туралы сотқа ұсыным жолданды,-дейді Қабдолов.
«Учаске» республикалық профилактикалық іс-шарасы желтоқсан айына дейін жалғасады.
Сурет:дереккөз