Атырау – сауда-саттықты дамытуға қолайлы өңір

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауында айтылған «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы еліміздің сауда-экономикалық саясатының жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетіп отыр. Бұл жолғы Жолдаудағы сауда саласын дамытуға және шикізаттық емес экспортты ілгерілетуге басымдық берілуі – ел экономикасының тұрақтылығы мен әртараптандырылуына бағытталған маңызды қадам.

Салық саласының ардагері ретінде мен үшін ерекше назар аудартқан тұс – бұл бизнесті жүргізуге арналған ашық және әділ ережелердің енгізілуі. Сауда жүйесінде ашықтық пен бәсекеге қабілеттіліктің орнауы салық базасының ұлғаюына, көлеңкелі айналымдардың азаюына және бюджетке түсетін түсімдердің артуына ықпал етеді. Бұл – кез келген дамыған мемлекетке тән жүйелі реформа.

Шағын және орта бизнесті қолдау – экономиканың тірегі. 800 мыңнан астам сауда субъектісі мен 1,5 миллион адамның жұмыспен қамтылуы – бұл тек экономикалық көрсеткіш емес, әлеуметтік тұрақтылықтың да көрінісі. Жолдауда айтылған «Айтылды – жасалды» қағидатының нақты орындалып жатқанын көрсететін бір мысал – отандық өндірушілерге 50% сөрелік кеңістіктің бөлінуі. Бұл шешім жергілікті тауар өндірушілер үшін үлкен мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ішкі нарықты қорғауға бағытталған шаралар – отандық экономиканың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық тетік. Мәселен, 900-ден астам автокөліктің кері қайтарылып, сапасыз өнімдердің нарыққа енуіне тосқауыл қойылғаны – бұл тұтынушы құқығын қорғауға бағытталған нақты қадам.

Шикізаттық емес экспортты әртараптандыру – елімізді әлемдік сауда тізбегіне тиімді түрде интеграциялаудың бірден-бір жолы. Экспорттық-кредиттік агенттіктің құрылуы және «бір терезе» қағидаты бойынша қаржылай қолдаудың артуы – отандық кәсіпкерлерге шетел нарықтарына шығуға мүмкіндік беріп қана қоймай, ел экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылтуға жол ашады.

Аймақтағы салық ардагері ретінде мен Мемлекет басшысының әлеуметтік әділеттілікке негізделген жаңа экономикалық саясатқа көшуді бастағанына жоғары баға беремін. Әлеуметтік осал топтарға арналған «Цифрлық азық-түлік ваучері» сияқты жаңа бастамалар – мемлекеттік көмектің тиімді әрі нысаналы жеткізілуінің үлгісі. Бұл – бұрынғы әкімшілік реттеудің заманауи баламасы.

Жалпы алғанда, сауда мен экспортты дамытудың жаңа тәсілдері – бұл экономиканы әртараптандырумен қатар, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды бағдарлама. Президент Жолдауы – ел дамуының нақты жол картасы, ал Үкіметтің қабылдаған шаралары – сол картаның жүйелі іске асып жатқанын көрсетеді.

Темірбек Саматов,

салық саласының ардагері 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT