Атырау облысында 2000 астам адам "Аулардан таза су айдындары" акциясына қатысты, деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Синтетикалық аулар арзан және қолжетімді болғандықтан, оларды пайдаланып заңсыз түрде балық аулайтын адамдар инспекторлардың тексеруі кезінде бұндай ауларды суға лақтырып, оңай құтылады. Осының салдарынан жағалау аймағын синтетикалық материалдардан жасалған аулар қоқысқа айналдырған. Және ұзақ уақыт шірімейтін бұл ауларға балық шырмалып, өліп жатады. "Бұл біздің күнделікті жұмысымыз, функционалдық міндетіміз. Десек те, Экология министрлігінің осындай ауқымды акциясы қажет-ақ.
Біздің облысымызда аталмыш акция өңірдегі барлық су айдындарында - Атырауда, Махамбет, Индер, Құрманғазы аудандарында өтіп жатыр", - деді орман шаруашылығы және жануарлар әлемі Дамба инспекциясының басшысы Еламан Хабибуллин.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының хабарлауынша,, қытайлық ауларға суда жүзетін құстар да тап болып, өлуі мүмкін. Бұл қоршаған табиғи ортаға және су биоресурстарына орасан зор нұқсан келтіреді. Су айдындарын тазалауға облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының қызметкерлері, әкімдіктердің өкілдері, орман шаруашылықтары, экологиялық ұйымдар, белсенділер мен волонтерлар атсалысты.
Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының мәліметі бойынша, соңғы 3 жылда браконьерлер Солтүстік Каспийдің балық қорларына 254 млн теңге көлемінде нұқсан келтірген. "Акция барысында өзеннен жарты мың километрден астам қытайлық аулар шығарылды. Жыл басынан бері Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының қызметкерлері өңірдегі су айдындарынан, әрқайсысы 50 метрден кем емес, 1200-ден астам заңсыз ауларды шығарып алды", - делінген таратылған ақпаратта.
Қазіргі кезде балық уылдырық шашу үшін Жайықтың жоғарғы учаскелеріне бет алды. Индер, Махамбет, Атырау және Дамба инспекциялары бөлімдерінің инспекторлары өзенді түрлі аулау құралдарынан тазартып, балықтың өтуін қамтамасыз ету үшін күн сайын Жайықтың өздеріне қарасты учаскелерін сүзіп, тексеруде. Осындай жұмыстарды инспекция Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінде де жүргізуде.
Сурет:дереккөз