Облыс полицейлері мен басқа да мүдделі орган өкілдерінен тұратын мобильдік топтар карантиндік режимге байланысты шектеулердің сақталуын бақылау мақсатында алдын алу және тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, шілденің 5-нен бастап рейдтік іс-шаралар барысында күні бүгінге дейін облыста 1378 карантиндік режим талаптарының бұзылуы анықталса, оның 700-ге жуығы Атырау қаласында тіркелген.
Атырау облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Қаулысына сәйкес талаптарды орындамағандар арасында қалаларалық жолаушыларды тасымалдаумен айналысқан автобус жүргізушілері де бар. 4 тамыз сағат 19.30 шамасында патрульдік полицейлер Атырау-Орал тас жолының 9 шақырымында автобусты тоқтатты. Түркістан облысының тұрғыны Атырау-Шымкент бағыты бойынша 30 жолаушымен жолға шыққаны анықталды.
Карантин режимін бұзған жүргізушіге қатысты тиісті шешім қабылдау үшін жинақталған іс-құжаттар Атырау қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданатын болады. Ал, автобус жүргізуші мен жолаушылары Атырауға қайтарылды. Арада бірнеше сағаттан соң, түн ішінде аталмыш автобус жолаушылармен Атырау қаласынан Шымкентке шығып бара жатқан жерінен қайтадан тоқтатылды. Бұл жолы 39 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК 667 бабымен «Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбау» бойынша хаттама рәсімделіп, мамандандырылған сотқа жолданды.
Сол күні таң алдында Атырау қаласына кіре берісте Шымкент-Атырау бағытынан 26 жолаушысымен тағы бір автобус анықталып, тоқтатылды. Көлік жүргізушісі ОҚО-ның 1990 ж.т. тұрғынына қатысты жинақталған құжаттар да қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолдануда.
Атырау облысында карантин режимі енгізілген 5 шілдеден бері қалааралық жолаушылар тасымалдаумен 5 автобус анықталды, олардың барлығы да Атыраудан Шымкент қаласына жолаушылар тасымалдамақшы болған.
Атырау полицейлері азаматтардан карантин режиміне барынша түсіністікпен қарап, тәртіпке бағынып, сақтық шараларын орындауға шақырады.
Сурет:дереккөз