Ата Заңның 25 жылдығына дайындық талқыланды

Конституция күні қарсаңында Атырауда ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған «ҚР Конституциясы: бірлік, тұрақтылық және өркендеу» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Шараны бастап ашқан ҚР Конституциялық Кеңесінің мүшесі Үнзила Шапақ еліміздің басты құжатының барлық қазақстандықтар үшін маңызын атап өтті. Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда жалпыұлттық референдумда қабылданып, оған бес рет өзгерістер енгізілді: 1998, 2007, 2011, 2017 жылдары және 2019 жылы. Қолданыстағы Конституция тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы екінші рет қабылданған осындай құжат.

Біріншісі 1993 жылы қабылданған болатын. Конституция Қазақстан халқының елімізді демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде бекітуге деген ұмтылысын, жігерін бейнелейді. Ең бастысы, Негізгі заңымыз қазақстандықтарға таңдау жасау құқығын берді. Еліміздің әр азаматының құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін әділетті сот атқарудың кепілі Конституция екенін атап өткен Атырау облыстық сотының төрағасы Марғұлан Бектеміров, Конституцияға енгізілген соңғы өзгерістер сот-құқық қорғау жүйесінің дамуына оң ықпал еткенін айтты.

2

Конференцияға қатысушылардың пікірінше, еліміздің Конституциясын жалпымемлекеттік, жалпыұлттық және жалпыазаматтық қолдау шараларының жүйесі қажет. Конституциялық жаңғыру жай ғана мәтінді түзету, Конституция нормаларының мазмұнын түсіндіру емес. Бұның мәні - конституциялық нормаларды одан әрі нақты мазмұнмен толтыру үшін әрбір мемлекеттік орган, азаматтық қоғамның институттары мен азаматтары тұрақты жұмыстануы қажет. Конференцияға қатысқан Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев қоғамның конституциялық мәдениетін көтеруге қатысты көптеген мәселелерді талқылау мүмкіндігі үшін ұйымдастырушылар мен қатысушыларға ризашылығын білдірді. Конституцияның прототиптері қазақ халқында бұрын да болғанын айта кету керек.

Негізгі заңнамалық нормалардың бірыңғай жинағының неғұрлым айқын үлгілері – Қазақ хандығында қолданыста болған «Жеті жарғы» және «Тәуке ханның заңдары». Атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би жасақтаған бұл заңдар жинағы Қазақ хандығындағы қоғам өмірінің барлық салаларын дерлік реттеп отырған. - Тәуелсіздік таңында елімізге азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын құжат қажет болды. Сол кезде Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамасымен 1995 жылы жалпыұлттық референдумда Конституциямыз қабылданды.

Еліміздің басты құжатының, соның аясында осы жылдары қабылданған заңдардың арқасында Қазақстан биік белестерді игерді. Бүгінгі конференция Конституцияның болашақ мүмкіндіктері туралы пікір алмасып, ой бөлісу тұрғысынан пайдалы болды. Бұл еліміздің басты құжатының жаңа мүмкіндіктерін ашып, көрсетуге мүмкіндік береді , - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі

Сурет: ӨКҚ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT