Осыдан бірнеше ғасыр бұрын Майқы би айтқан: «темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» деген даналық сөзі бүгінгі күннің айна-қатесіз ақиқатына айналып отыр.
Елімізде темір тұлпар тізгіндегендердің саны артқан сайын, жол-көлік апатынан ажал құшқандардың көрсеткіші де жаға ұстатады. Мәселен, өткен жылдың өзінде елімізде 2 мыңнан астам адам көз жұмып, 20 445 адам түрлі жарақат алған. Жол жүру ережелеріне қатысты тәртіп қатаңдатылса да, айыппұл көлемі ұлғайтылса да жол-көлік оқиғаларының жиі орын алуы кім-кімді де алаңдатпай қоймайды.
Аудан көлемінде орын алған жол-көлік оқиғаларына көз жүгіртсек, үстіміздегі жылдың 9 ай қорытындысымен 12 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 2 адам қаза тауып, 22 адам түрлі дене жарақатын алған. Ал, өткен жылы 11 жол-көлік оқиғасы салдарынан 3 адам көз жұмып, 15 адам зардап шекен. Ірі қара малдармен болған жол-көлік оқиғасы бойынша 25 факті тіркеліп, 21 адам жарақат алып автокөліктеріне материалдық шығын келген.
Бұл оқиғалардың басты себебі әрине, көлікті шектен тыс жылдамдықпен немесе мас күйде жүргізу, қарсы бағытқа шығып кету, жол белгілері мен талаптарын сақтамаудан туындайды. Олардың қатарына тағы жолдардың тарлығы мен сапасыздығын қосыңыз. Аудандық полиция бөлімі мамандары берген мәліметке сүйенсек, жол қозғалысы ережесін бұзғандар ішінде 780 жылдамдықты асырушылар көш бастап тұр. Мас күйінде автокөлікті жүргізу 59 және ұялы телефон пайдаланып, көлік құралын басқарумен 196 фактілері анықталып отыр. Жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі «Атырау-Орал» тас жолының 27, 32 шақырым, 33, 51, 58, 59, 60 шақырым тұстарында және «Атырау-Индер» тас жолының 79, 77 шақырым, Еңбекшіл ауылы маңының 46-47;42-43 шақырым, 85-86; 84-85 шақырым, 30, 57, 28, 69 шақырым тұстарында орын алған екен.
Заң талаптары күшейтілсе де, ережені елемей айыппұлды төрт-бес мәрте төлесе де жоғарыда аталған фактілердің қатары азаймауы алаңдатарлық жайт. Ол былай тұрсын, қазір жаяу жүргіншілерге арналған жолдардан өтудің өзі қорқынышты болып барады. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Атырау қаласының көшелерінің бірінде жаяу жүргіншілер жолынан өтпек болған 17 жастағы бозбаланың өлімі жантүршіктіреді. Ал, ауданда жаяу жүргіншілер жолынан адам қағу бойынша 2 факті тіркеліп отыр. Мұндай оқиғалар бұған дейін де кездеспей жүрген жоқ. Жан-жақтан бақылау бейнекамералары мен ондаған жол белгілері орнатылғанына қарамастан орын алуда.
- Апатты-қауіпті учаскелерде автопатрульдер саны көбейтілді. Аудан көлемінде орналасқан білім ордаларының алдына 25 жасанды бұдырлық, сондай ақ, республикалық маңызы бар тас жолдарына 2 шуылды жолақтар және ең төменгі жылдамдықты шектеу белгілері орнатылды. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап ІІМ-нің нұсқауымен «Жолда қабылдау» кең ауқымды акциясы белгілі кезеңімен өткізілуде. Бұған қоса республикалық «Автобус», «Құқықтық тәртіп» және «Қауіпсіз жол» профилактикалық іс-шараларын да атап өтуге болады. Білім ордаларында жасөспірімдерге жол ережелерін түсіндіру мақсатында мектеп инспекторларымен «Абайлаңыз, балалар!» тақырыбында семинарлар ұйымдастырылып жүр, - дейді А.Закариев.
Түйін.
Біреудің танысының, біреудің туысының өмірін тілсіз жаудай жалмап жатқан жол апаттарының санын азайтуда құзырлы органдардың атқарып жатырған жұмыстары аз емес. Алайда жол-көлік қозғалысын бақылау тек құқық қорғау органдарының міндеті деп бар мәселені жүктеп қоюға да болмайды. «Тәртіпке бағынған құл болмас» деп батыр Бауыржан атамыз айтқандай, темір тұлпар тізгіндегендердің барлығы жол жүру ережесін қатаң түрде сақтап, тәртіпке бағынса, жан түршігерлік жол апаттары орын алмас еді. Елдегі тәртіп пен қауіпсіздік үшін баршамыз жауапты екенімізді естен шығармайық.
Б.Сапарова
Сурет:дереккөз