Ашық әңгіме алаңы

Елбасы Жолдауынан туындайтын 10 міндетті бірлесе орындау жөніндегі ой-пікірлерімен бөліскен аудан басшысы кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы кейбір түйткілді мәселелер, әкімшілік кедергілер болса қысылмай айта отырыңдар деп кәсіпкерлерді ашық әңгіме алаңына шақырды.

«Сұлтан палас» мейрамханасында кәсіпкерлердің басын қосқан аудан әкімі С.Рысқалиев жаңа форматта ашық сұқбат жүргізді«Айсұлтан» шаруа қожалығының бүгінгі жай-күйімен таныстырған таңдайлық Қ.Жұмағалиев жермен жұмыс жасауда біраз тәжірибесі бар екендігінен құлаққағыс жасап, қазіргі заман талабына сай жаңа технология негізінде кепілді өнім беретін жағдайға жетуіміз керек. Болашақта гидропоника жүйесімен жұмыс жасау жоспарда бар, бірақ қондырғылардың бағасы тым қымбат. Банк кепіл мүлік сұрайды. Сондықтан ауылшаруашылығына қолдау керек. Есмаханға газ тартылса, кәсіп көзін ашып, қалада жүрген ауыл жастарын шақыруға болар еді деген ұсынысын айтты.

Ибрагим, Роман есімді кәсіпкерлікпен айналысатын қалалық жігіттер аудан аумағынан шаруашылық жүргізу үшін жер сұрады. Аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғ.Мырзағалиевті орынынан көтерген Сырым Мұратұлы тоқсан сайын ұйымдастырылатын конкурс арқылы бағын сынап, жер алу мүмкіндігі барын түсіндірді. Бірінші топтағы мүгедек Б.Жолдасов баласына көмекші болып, кәсібін дөңгелентіп отырғандығын тілге тиек етіп, құжаттарды тезірек рәсімдеуге қолұшын берген аудандық кәсіпкерлік бөліміне, Махамбет ауылдық округі әкімдігіне ризашылығын білдірді. Атыраулық кәсіпкер Ж.Хасанов кәдімгі Алматының апортын өсіру үшін Алға округі аумағынан жер сұрады. Жеке бау-бақшасында жайқалып өсіп тұрған алма ағаштарының бейне түсірілімін көрсетті. Мұндай қолынан іс келетін азаматқа неге жер бермеске? Әкім де сөзге келген жоқ. Конкурстан ұтсаңыз жер сіздікі, қолдау көрсетуге дайынмын деді.

Жалпы арғы беттегі Атырау-Индер тас жолы пайдалануға берілгеннен бері қозғалыс бар. Алға, Есбол ауылдық округі аумағынан кәсіп ашуға жер сұрағандар аз болмады. Танымал кәсіпкер Р.Жұмағалиев ауылшаруашылығын ғылыми негізде кешенді дамыту төңірегіндегі ойларын ортаға салды. Атамбаев елді мекеніндегі «Аружан» шаруа қожалығының жетекешісі М.Зұлқожин Индер-Талдыкөл газ жүйесі қашан іске қосылады, өз қаражатым есебінен негізгі газ құбыры жүйесіне дейін апарып қойдым. Қашанғы күтуге болады деп сауалды төтесінен қойды. Бұл бағыттағы газ құбырын тарту жұмысы аяқталып тұрғандығын алға тартқан аудан басшысы құрылыс нысаны қабылданғаннан кейін сол бойдағы шаруашылықтар тұсынан газге қосылатын шүмек қалдырып кетеді. Құзырлы мекемелерден техникалық құжатын, рұқсатын алып, қостыруларыңа болады деп түсіндірді. «Аймира» шаруа қожалығы атынан келген Р.Базарова жол үстіндегі «Исағали» қонақ үйінің ауласындағы жылыжайға су тарттырып беру жөнінде көмек сұрады. Жылыжайдың көлемі қандай деп қарсы сұрақ қойған Сырым Мұратұлы ондай шағын жылыжайға көп шығын шығарып су тартқаннан гөрі 4-5 тонналық ыдыс қойып, тасымалдап су құйғызған әлдеқайда тиімді деп бағыт берді. Ал, Береке ауылының тұрғыны С.Нұрғалиева осы елді мекеннен денсаулығында кінараты бар балалар үшін 50 орындық жеке меншік балабақша салу үшін жер телімін сұрады. Балабақша бизнесіне де қолдау болатынын айтқан аудан басшысы мүмкіндігіне қарай жер мәселесін шешу жөнінде тиісті бөлім басашыларына тапсырма берді. Басқа да бірқатар азаматтар кәсіптерін ашу үшін жер телімдерін сұрап, тиісінше жауаптарын алды. Ашық әңгіме алаңында шаруагерлер көтерген тағы бір мәселе-жер жыртатын техниканың жоқтығы. Трактор сатып алуға қаржылық жағдай көтермейді. Сондықтан техниканы жалға беріп, ақылы қызмет көрсететін құрылым болса деген ұсыныс айтты. Атыраудан келген арнайы лицензиясы бар азамат шаруагерлердің жерлерін кәдімгі рентгеннен өткізгендей етіп, тексеріп, қай жерде тұз көп, қай тұсқа егін салған тиімді болатынын айқындайтын арнайы қызмет түрін ұсынды.

Ол әрине, ақылы.

 Н.Ерғалиев

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521