Жуырда Елордадан Атырау облыстық кәсіподақ ұйымына жағымды хабар жетті.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» ҚБ төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Қылышбай Сүндетұлы «ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясы» ҚБ Сайлау негізінде мүшелікке қабылданып, «академик» атанды.
Аталған ұйым тарапынан берілген куәлік пен төсбелгіні «Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтарының бірлестіктің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты І.Ұ. Баймұханов қала орталығындағы № 40 орта мектепте өткен облыс педагогтарының бас қосқан үлкен жиынында табыс етті.
Қ.Сүндетұлы – аймақ ұстаздары мен қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының жетекшісі ретінде олардың әлеуметтік мәртебесін көтеруде, әлеуметтік әріптестікті дамытуда және білім саласы қызметкерлерін құқықтық тұрғыдан қорғаудың тиімділігін арттыруда белсенді еңбек етіп келеді. Сондай-ақ, ол қарымды қаламымен, жігерлі ой-пікірімен жергілікті және республикалық БАҚ-да жиі мақалалар жариялап, үзбей сұхбат беруімен танымал.
Республикалық саларалық кәсіптер одағы «Ұстаздық еңбек» газетінің жетекшісі. 94 ғылыми-танымдық және БАҚ-да жарияланған 504 мақалалардың авторы. ҚР БжҒМ жанындағы РОӘК (әл-Фараби, Абай ҰУ) грифін алған 3 оқулықтың, 8 әдістемелік-көмекші оқу құралдарының авторы. КСРО және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Сандуғаш ҚАПСИХОВА,
Атырау қаласы