Осыдан он бес – жиырма жыл бұрын қалың жұртшылық компьютер дегенге сенімсіздікпен қараған секілді еді.
Бір құжатты екінші бір жерге электронды жүйе арқылы жеткізеді дегенге де, сол саланың мамандары болмаса былайғы жұрт көп илана қоймаған. Еліміздің жедел түрде дамуы соншалық, қазір электронды үкімет деген мәселенің игіліктерін барша қазақстандықтар көріп отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Шынында да қазір мемлекеттік қызметте электрондық құжат айналымы жақсы жолға қойылды. Мемлекеттік қызметке деген ынтасы бар әр адамнан ең алдымен электрондық жүйені білу талап етіледі. Бақсай ауылдық округі әкімі аппаратында да компьютерлік жүйе жақсы жұмыс жасайды. Мамандарымыз компьютермен толықтай қамтамасыз етілген. Бұрынғыдай қағаз сапырылысы азайды. Әр құжаттың келуі мен кетуі қатаң бақыланады. Бұл жұмыс жасап отырған адамға да өте ыңғайлы.
Әр адам өз заманына қарай бейімделгіш келеді. Қазір қарап отырсаңыз кішкентай сәбидің өзі смартфондарға ұмтылыс танытады. Ал, олар есейе келе осы цифрлы Қазақстанның азаматтары болып шықпай ма? Біздің елді мекен шегінде объект салу үшін жер уческесін беру, оның мақсатын өзгертуге өтініштер, зейнетақы аударымдары туралы анықтама беру секілді мәселелер ауданға бармай-ақ өз жеке кілтіңіз болса ауылдан да алатын мүмкіндігіңіз бар. Болашақта да электронды жүйедегі жаңа өзгерістердің болатыны ақиқат. Жаңаны тез үйреніп, игеріп отыру баршамызға ортақ борыш әрі міндет. Замана көшінен қалмай, үнемі алға ұмтылып отыру біздің еншімізде.
Д.Құрманғалиев,
Бақсай ауылдық округі әкімі
аппаратының жетекші маманы