АМӨЗ-де жалпызауыттық спартакиада өтті

24-31 мамыр аралығында кәсіпорын аумағында және қаладағы түрлі спорт алаңдарында шағын футбол, баскетбол, волейбол, киберспорт, шахмат, үстел теннисі, жүзу, тоғызқұмалақ және т.б жалпы 12 спорт түрінен жарыстар өткізілді. Турнирге 600-ден астам қызметкер қатысты. 

Сайыс бәсеке мен қызу тартысқа толы өтті. Әр ұпай үшін таласқан спортшылар төрешілердің шешімін талқыға салып, эмоцияға бой алдырған кездер де болды. Трибуналарда айрықша атмосфера тудырған жанкүйерлердің белсенділігін де атап өткен жөн. Олардың плакаттары мен ұрандары әріптестерін жеңіске жетелегені сөзсіз.

«Биыл дәстүрге айналған зауыттық спартакиаданың қайта жанданғанына өте қуаныштымын. Бұл тек спорттық шара ғана емес, сонымен қатар ұжымның ауызбіршілігін нығайтып, командалық рухты көтерудің тамаша әдісі. Турнир өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Зауыт басшылығына спорттық мереке үшін алғыс айтамын», — деді АМӨЗ-дің ардагері, сумен жабдықтау цехы волейбол командасының ойыншысы әрі спартакиаданың ең ересек қатысушыларының бірі 63 жастағы Амангелді Шапабаев.

Турнирдің дебютанттары да алаңдарда барын салып, тәжірибелі әріптестерінен қалмауға тырысты.

«Ойындар өті қызықты өтуде, эмоциялар әлі кеудемді кернеп барады. Біздің командамыз зауыттық спартакиадаға алғаш рет қатысуда. Тәжірибенің аздығынан ақсап жатқан тұстарымыз бар. Жалпы алғанда бәрі көңілімізден шығып жатыр. Келесі спартакиадаға мықтап дайындалып, бұдан да жақсы нәтиже көрсетеміз деп үміттенеміз», — деді БӨҚжА волейбол командасының ойыншысы Дмитрий Калентьев.

«АМӨЗ» ЖШС бас директоры Абзал Досжанов спартакиада зауыттың ең маңызды корпоративтік дәстүрлерінің біріне қайта айналатындығына сенім білдірді.

Еске салайық, АМӨЗ қызметкерлері ҚазМұнайГаз бен Самұрық-Қазына ұйымдастыратын спартакиадалардың тұрақты қатысушылары және жеңімпаздары болып табылады. Зауыттың спорттық намысын футбол, баскетбол және волейбол командалары мен басқа да спорт түрлерінен жеке спортшылар қорғап жүр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521