Алимент төлемеген әке екі тәулікке қамауға алынды.
Аудандық сотпен ҚР ӘҚБтК-нің 669 бабымен С-ға қатысты әкімшілік іс қаралды. Іс құжаттарында Атырау қалалық сотының сот бұйрығымен борышкер С-дан өндіріп алушы М-ның пайдасына ай сайын табысының және өзге де кірісінің төрттен бір мөлшерінде алимент өндірілген.
2020 жылғы 1 ақпандағы жеке сот орындаушысының алимент алдындағы бережағын анықтау туралы қаулысына сай, борышкердің өндіріп алушының алдындағы бережағы 2 294 997 теңгені құраған.
Борышкер С. жеке сот орындаушының ескертпесіне қарамастан сот шешімін орындамаған болып шықты. Сот отырысында С. кінәсін толық мойындап, қазіргі таңда жұмыс жасамайтынын, мүмкіншілігіне байланысты алимент төлеп отырғанын, алимент төлеуден қашпайтынын айтып көрсеткен. Сотпен С-ға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 669 бабымен кінәлі деп танылып, оған 2 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылған. Осы тәріздес Махамбет аудандық сотымен ҚР ӘҚБтК-нің 669 бабымен азамат Б-ға қатысты әкімшілік іс қаралды.
Іс құжаттарында Б-дан өндіріп алушы А -ның пайдасына кәмелетке толмаған баласын асырап-бағу үшін 1/4 мөлшерінде алимент өндіру туралы сот бұйрығы негізінде атқарушылық өндірісі қозғалған. Сот орындаушымен құқық бұзушыға бірнеше рет ескертпе берілгенімен, борышкер сот актісін орындамаған. Сот отырысында Б. өзінің кінәсін толықтай мойындап, өзінің жұмысы жоқтығын, әлі жұмысқа орналаса алмай жүргенін, бережақты жұмысқа орналасса төлеуге міндеттенетіні туралы жауап берген. Сотпен Б-ға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің 669 бабымен кінәлі деп танып, оған екі тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылған.
Сот қаулылары заңды күшіне енген жоқ.
Махамбет аудандық баспасөз қызметі