«Қалаулым» ба, әләулім ба?

Баяғыда қыз таңдап жүрген бір жігітке: «Самарқандта бір апам бар, ол менен де өткен сорақы» деген екен зәресін ұшырып. Сол айтқандай, небір көңіл көтеретін телебағдарламаларды көріп едік, олар «Қалаулымның» алдында жіп есе алмай қалды.

Экранның алдында айылын жимастан отырып алған өңкей өрімдей жастар қызыл кеңірдек болып айтысып, лайықты жар таңдайды өздерінше. Ол жерде енді ар-намыс, ұят деген құндылықтарға орын жоқ. Жүзінен имани нұры төгіліп тұрған небір қаракөз аруларымыз ұрда-жық, пасық жігіттердің қорлығына шыдай алмай, жұрт алдында жылап қалады. Әрине, жігіттерге есесін жібермей, «саудаласатын» пысық қыздар да бар. Бірде әйел жіберген, жасы қырықтар шамасындағы жігіт өзіне үміткер болып келген қызды «тырнағыңды неге егеп, қырлап, сырламайсың, неге биік өкше туфли кимейсің, мен соның бәріне мән беремін» деп алдында кішкентай бала отырғандай күстаналады. «Апама жездем сай» дегендей, "алдымен өзіңнің түріңе қарап ал" деген бір адам болмады. Қайта келісіп кетерсіңдер, тағы да ойланып көріңдер,-деп есінеп отырған махаббат періштесі Аша Матайдан аса алмайды. Бәлкім бұл өтірік бағдарлама болуы да мүмкін. Тіпті солай болғанның өзінде сұмдық емес пе? «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» жоқ екен деп бұлайша беталды лағып кетуге бола ма екен? Талай жылдардан бері тәрбие құралы болып келген телеарнаның бұлайша арзансығанына таңым бар.

Дайындаған:

Н.ЕРҒАЛИЕВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521