«Ақ жолдың» алты бағыты

Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» партиясы республикалық штабының мүшелері Алматы облысының еңбек ұжымдарымен кездесті. Ақжолдықтар локомотивтерге техникалық қызмет көрсетіп, жөндеумен айналысатын Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын – «Қамқор Локомотив» компаниясының Алматы локомотив депосына барды.

– Біздің ұлан-ғайыр жерімізді ескерсек, Қазақстан аумағында біртұтас нарық, біртұтас экономикалық кеңістік болуы үшін барлық өңірлерді, өндірушілер мен тұтынушыларды байланыстыру өте маңызды. Бұл іргелі жұмыста негізгі салмақ теміржолға түседі. Бүкіл ҚТЖ жүйесін Еуропа мен Азияны байланыстыратын көпір қызметін атқаратын халықаралық көлік-логистикалық компанияға айналдыру жобасы әзірленіп жатыр. Қытай мен Батыс арасындағы контейнерлік тасымал көлемінің өсіп келе жатқаны да кездейсоқ емес, – деді партия жетекшісі жұмысшылармен кездесуде.

Кездесу барысында Азат Перуашев партияның саяси бағдарламасының алты негізгі бағытын атады: Тәуелсіздік және «Алаш» ұлттық идеясы, демократия және парламентаризм, сыбайлас жемқорлықпен және деофшоризациямен күрес, әлеуметтік әділеттілік, нарықтық экономика, кәсіпкерлік пен отандық өндірушілерді қолдау, салиқалы сыртқы саясат.

Компания қызметкерлері Көліктік сервис орталығы олигополиясына қатысты мәселелерді көтерді. Партия басшысы 2017 жылдан бері «Ақ жол» фракциясы кірме жолдарды рейдерлік басып алу мен «Көліктік сервис орталығы» АҚ-ның тарифтерді күрт көтергені туралы бірнеше рет депутаттық сауал жолдағанын еске салды. Бірақ тек президент Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасынан кейін ғана монополиясыздандыру жөніндегі үкіметтік комиссия жолдарды заңды иелеріне қайтаруға қол жеткізіп, вагондардың өту тарифтерін 12 есеге төмендетті.

Депо жұмысшылары ипотеканың қолжетімділігі, несиелер бойынша ақылға қонымсыз пайыздар, жалғыз баспананың банктер мен коллекторлардан қорғалуы мәселелеріне қызығушылық танытты. Осы орайда А.Перуашев «Ақ жол» партиясының жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау жолындағы 8 жылдық күресі, сол заң аясында борышкерлерге жасалған мүмкіндіктер мен шектеулер туралы айтты.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521