Көшеде дабылқаққышын қосып, кетіп бара жатқан қып-қызыл түсті өрт сөндіру көлігін көрген уақытта, «тыныштық болса екен» деп тілейтініміз анық. Ал осы көліктің ішіндегі жүргізуші мен өрт сөндірушілердің бар ойы – оқиға орнына шапшаң жету. Батылдық пен қайтпас қайсарлықты, темірдей тәртіп пен таусылмас төзімді бойына сіңірген өжет жанның бірі – аудандық №11 Өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Айболат Дәулешов.
Оның сөзінше, дабыл қағылғаннан кейін автокөлік дереу от алып, өртену орнына қарай асығатын көлік жүргізушілер белгіленген жерге тез арада жету керек. Ирелең жолмен де, тар қуыспен де жүріп, діттеген жерге жету кезінде өрт сөндіру көлігі жүргізушісіне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Ол көліктің де, жеке құрамның да амандығына, тіпті өрт сөндірудің соңғы нәтижесіне де жауап береді.
– Өрт сөндіруге және авариялық құтқару қызметіне арналған көліктер ай сайын техникалық тексерістен өтіп, маусым сайын қадағаланады. Ауысым бойынша кезекшілікті қабылдаған жүргізуші міндетті түрде тексеріп, қызметке жарамдылығына көз жеткізуі керек. Өрт сөндіру көліктері де мезгілі жеткенде жаңартылып тұрады. Қазіргі заманға сай өрт сөндіру автокөліктерінің өрт сөндіруге қажетті барлық құтқару құрал-жабдықтары бар. Бұл өрт сөндірушілердің қызмет көрсету сапасын арттырып, орын алған өрттер мен төтенше жағдайларды уақытылы тез арада жоюға ықпал етпек,-дейді А.Райымбекұлы.
Жеке құрамды жеткізуден бастап авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін өрт сөндіргіш заттарды беруге дейін бұл күрделі қызметте жүргізушілердің атқарар рөлі маңызды.
– Кей кезде жеке тұрғын үй аулаларында көптеген қиындыққа тап боламыз. Егер адамдарды құтқару немесе өрт сөндіргіш заттарды беру үшін баспалдақ ұсыну қажет болса, онда автосатыны «табанға» орнату керек. Ал олардың көлемі 4 метрден асады. Осындай кезде тар аулада орын таңдауға тырысып, сабырлық сақтаумен қатар шапшаң қимылдау қажет. Бір сөзбен айтқанда, арнайы техникамен жұмыс істеу асқан дайындықты қажет етеді,- дейді кейіпкеріміз. Өрт сөндіру машиналарының жүргізушілері – бұл жай жүргізушілер емес, олардың әрқайсысы өз ісіне мығым, кәсіпқой жандар. Бұл қызметте басқаша болмайды.
Осыдан үш жыл бұрын ғана жұмысқа қабылдаған Айболат осы жылдар ішінде бірқатар өрт ошақтарында болды. Бүгінде Көкшетау қаласындағы өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды даярлайтын Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында білім алып жатыр. Өзіне жүктелген жауапкершілікті сезіне білген маманның қалтқысыз қызметін басшылық тарапы да елеусіз қалдырмай, мерекелік арнайы алғыс хаттармен марапаттаған. Спорттан да құр алақан емес. Әсіресе, қол күресі, гір тасын көтеру, футбол секілді спорт түрлерінен жеңіс тұғырынан көрініп келеді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ