Аграрлық салаға айрықша назар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм»  атты Қазақстан халқына Жолдауында «Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидия-лау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет» екенін  нақты атап өтті.
«Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр», - деді Президент.

Елімізде  бұған дейін де ауыл шаруашылығы саласындағы субсидия мәселесі  біраз талқылауға түсіп келгені жасырын емес.  Мәселен, 2023 жылдың 1 тамызында өткен Үкімет отырысында  Қазақстанда аналогтары бар импорттық ауыл шаруашылығы техникасына инвестициялық субсидия беру мөлшерлемесін 25%-дан 15%-ға дейін төмендету мәселесі пысықталған еді. Бірақ, заңға нақты өзгеріс енген жоқ. 
Шаруаларға берілетін қайтарымсыз қаржыны қысқартудың  негізгі себептерінің бірі – мал шаруашылығымен айналысатын ірі қожалықтардың мөлшерден тыс қаржыға қол сұғуы болып отыр. Мамандардың айтуынша, мал басын нақты көрсетпей, жалған құжат жасау арқылы осы саланың ірі ойыншылары айласын асырып, шағын шаруашылықтардың алдын орап кетуде. Осының алдын алу үшін Президент қазынаның қаржысы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейтін шешім шығаруды – субсидияны шағын несиеге көшіруді қолға алуды тапсырды.  Яғни, таяу жылдары агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау механизмі тоқтайды. Оның орнына жеңілдікпен несие беру тетігі енгізілмек. Аталған әдіс Президенттің тапсырмасы бойынша 2028 жылдың соңына дейін қолданысқа енуге тиіс. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешені тек қана мемлекет қаржысына сүйенбеу керек. Салаға коммерциялық банктер де тартылуы қажет. Алдағы уақытта агроөнеркәсіптің жайы не болмақ? Шаруашылық шығындарының бір бөлігін осы субсидия арқылы өтеп отырған шаруагерлер бұған не дейді? Ауданда соңғы жылдың есебімен қанша млн. қаржы субсидияға бөлінді? Осы сынды көкейтесті сұрақтарға біз де жауап іздеп көрдік. 
Махамбет ауданы бойынша өткен жылы егін шаруашылығына 86 шаруа қожалыққа 305854,0 мың теңге субсидия төленген.  Ал, 2024 жылдың 9 айындағы көрсеткішке сай 40 шаруа қожалыққа 54026,6 мың теңге қайтарымсыз қаржы берілген. Мал шаруашылығы бойынша өткен жылы 420183,20 мың теңге субсидия төленсе, 2024 жылдың 9 айында 14 шаруа қожалыққа 98833,5 мың теңге қаржы берілген.  Инвест субсидиялар бойынша 2023 жылы 24 шаруашылыққа 600383,5 мың теңге субсидия төленді. Ағымдағы жылы бұл бағыт бойынша біздің ауданның шаруагерлеріне 901720,0 мың теңге қаражат бөлінді. Жоғарыда аталған субсидияларды алу талаптары мен шарттары бар. Оның барлығына заң аясында ғана қол жеткізуге болады. Субсидия туралы ақпараттар, бейнероликтер әлеуметтік желі арқылы жарияланып отырады. Қала берді кез келген кәсіпкер осы тақырыпқа қатысты сұрақтарын бөлімнің мамандарына немесе «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кеңесшісіне қоюға құқылы. Субсидия беру бойынша жұмыс органы Атырау облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы болып табылады. Алайда, біз жергілікті шаруагерлерді қолдау мақсатында олардың құжаттарын дайындауға, тегін кеңес беріп, бағыт көрсетуге қашанда дайынбыз , –дейді  аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы О.Мырзабаев. 
Жалпы елімізде субсидия берудің алғышарттары мен талаптары өте тиімді жасалған. Бір ғана мал шаруашылығы бойынша бір адам бірнеше бағытта субсидия алуға мүмкіндігі мол. Мысалы, жем-шөпке, асыл тұқымды селекциялық жұмыстарға, асыл тұқымды мал сатып алуға, сүт, шұбат өнімдеріне, эмбрион ұрықтарына, шетелден асыл тұқымды мал алуға, қала берді техникаға берілетін лизинг тағы бар. Оның ішінде Қазақстанда құрастырылған техникаға 30 %, ал шетелден келсе 25% мемлекет өтеп беретінін жоғарыда атап өттік. Әлбетте, бұл–мемлекеттің біраз жылдар бойы шаруаларға жасаған жеңілдігі, көмегі. Мұны тиімді пайдаланып, еліміздің ауыл шаруашылығы саласына үлес қосуды көздегендер де, керісінше қара бастың қамы үшін қалтасын қампайтқандар да жоқ емес. 
– Жалпы экономиканы ырықтандыру туралы Жарлыққа сәйкес тауарлық-спецификалық субсидияларды жеңіл­детілген кредит беруге көшіру 2028 жылдың соңына дейін қамтамасыз етілетін болады. Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастама­сымен 2023 жылдың басынан бері 2 млн. бас ірі қара мал, 3,2 млн. бас қой мен ешкі, 3 млн тонна сүт есептен шығарылды. Есептен шығарылған мал басының негізгі үлесі қосалқы шаруашылықтарға тиесілі. Қосымша 2,5 млн. тонна дәнді дақылдарды, 2 млн. тоннаға дейін картопты және 300 мың тоннадан астам пиязды есептен шығару жоспарлануда, – деді премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин үкімет отырысында. 
Кеңейтілген жиында  биылғы жылға егістікке бөлінген жеңілдетілген несие мөлшері де айтылды.  «Биыл көктемгі егіс науқанына арналған жеңілдетілген несие көлемі екі есе ұлғайды. Шаруаларға мемлекеттен 580 млрд. теңге бөлінді. Келесі жылдан бастап салаға екінші деңгейлі банк­тер де тартылады. Осылайша егіс және орақ науқандарын қаржыландыру со­масын 1 трлн. теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Ал Президент айтқандай, санда бар, санатта жоқ мал басы қосалқы шаруашылықтарға тиесілі» -  деді вице-премьер.
Жылдың төрт мезгілінде күтімді қажет ететін, оның ішінде асыл тұқымды мал өсірудің өзіндік қиындығы барын жақсы білетін мамандардың бірі, осы салада10 жылдан астам тәжірибесі бар шаруагер Амангелді Қонашев пайызы аз несие беруді қолдайтынын айтып отыр. 
–Ата-баба салтымен төрт түлік мал ұстап, отбасымызбен осы кәсіппен айналысып отырмыз. Асыл тұқымды мал өсіруді қолға алғанымызға да біраз жыл болды. Бұл салада мемлекет беретін қаржының да көмегі зор. Алайда, енді жеңілдетілген несиеге көшетін де кез келген секілді. Субсидияны кезеңімен күтіп отырамыз. Ал, несиені кез келген уақытта екінші деңгейлі банктер арқылы рәсімдей алсақ, қысылтаяң уақытта қажетімізге жаратар едік. Пайыздық мөлшері аз, бірақ шектік сомасы жоғары болса тіптен жақсы. Жалпы, мемлекеттің қайтарымсыз қаржысының да сұрауы бар. Оны алған соң да адалдықпен жұмсап, жұмыс жасау керек. Қазір малды ет-сүт өнімдерін біз секілді шағын шаруашылықтарға базарға қойып сату тиімсіз. Бұл тәжірибе өз басымнан өткен. Бірақ, жергілікті тұрғындарға, ауыл халқына арзан бағамен ұсынып отырмыз. Сондықтан мал басын көбейту, қожалықты кеңейту жұмыстарына арнайы несие беру бағдарламасы шықса тиімді болар еді, - дейді «Қонашев» шаруа қожалығының басшысы. 
Қазіргі таңда  ет пен сүттің, азық-түліктің бағасы күн санап шарықтап барады. Өзімізден шығатын өнімнің өзі қазір ырыққа көнбей тұрғаны ақиқат. Нарықтағы бағаны реттеу үшін мемлекет субсидия беріп келсе, енді басқа әдіске көшуге ниетті. Дәлірек айтқанда, аграрлық сала бұдан кейін де қолдаусыз қалмайды, бірақ  басқа механизммен жұмыс жасамақ. Нәтижесін уақыттың еншісіне саламыз. Ел әлеуетін көтеруге, экономикаға үлкен ықпалы бар бұл сала қашанда қолдаусыз қалмайтыны анық. 

А.Сатаева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT