Абай тойының әңгімесі шыға бастағаннан-ақ, Атыраудағы бүкіл шығармашылық, білім және мәдениет саласындағы мекемелер дайындыққа шұғыл кірісті.
"Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп..."деп аталған облыстық ақындар айтысы да өтті. Енді дәл осы тақырыптағы республикалық айтысқа дайындалып жатырмыз. Бірақ, Елбасы атап өткендей, жер жүзін жаулаған жаман індет өмір-тұрмысымыздың барлық саласын сансыратып кетті...
Дегенмен, алғы күнге деген ардақ сезім,қайыспас қайсарлық, селкеусіз сенім қай халықтың да қанында бар, түбі ол індетті адамзаттың осы қасиеті жеңеді. Сондықтан да кездескен осындай кедергілерге қарамай ұлы Абайдың ұлағатын насихаттай беруіміз керек. Қазір әлеуметтік желілер арқылы Абай өлеңдерін, қарасөздерін, аудармаларын таратып жатырмыз. "Қозы-Көрпеш-Баян сұлу" жырының Абай жазып алған нұсқасын іздеудеміз, табылса осы тақырыпта жыршылар сайысын өткізуге болар еді. Онлайн-концерттер арқылы Абай әндері қалықтауда. Облыста Абайға арналған көптеген шаралар қашықтан болса да іске асып жатыр.
Елбасының Абай туралы мақаласында еліміздің өсу жолымен қатар өз өмірі де қоса өріліп, саясаттың сартап тілінен аулақ сарасөздер де бар екен. Шынында да, Елбасының Абайтануға сіңірілген еңбегі ұшан-теңіз. Қалай десек те елдің басында ежелгі тарихымызға елеусіз қарамайтын тұлғалар болуы керек. Сонда ғана халық ұлт ретінде нықтала түседі, рухы көтеріледі. Өр халық өркештене түседі, өжеттікке жетелейтін өзекті ойлар өзгеріс әкеледі. Адамзаттың Абайының әр емлесінде, бар әріпінде, сұңғыла сөздерінде адам өміріне қажетті ғақлия-ғаламаттардың бәрі де бар. Соны дастарханымыздан бастап ғұмырдастанына айналдыруымыз қажет.
Бұл ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде жалғаса берсе деген сөз. Бұрынғы көнеліктеріміз, тіпті Абайдың өз сөздері де осылайша бізге жетті ғой. Ал, енді құдайдың беріп тұрған мына заманында, (әлеуметтік желілерді айтам) осы дәстүрді санамыздан сөндіріп алсақ, келешек бізді кешірмейді. Елбасының Абай хақындағы толғанысы оның тағылымын одан әрі таныта түсуге негіз болары сөзсіз.
Біздің қазақта керемет бір науқаншылдық бар ғой,бүгін бір мәселені хормен айтып,ертесіне қор қылатын. Бірақ, Абай хикметі оған көнбес деймін. Өйткені, мәңгілік Абай өзінің мәңгілік екенін дәлелдеді.
Қойшығұл Жылқышиев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Ұлттық "Аманат" сыйлығының лауреаты