14 наурыз – Көрісу күні

Қыстан аман шыққан күн.

Көрісу - атадан мұра болып қалған, көнеден келе жатқан игі дәстүрлеріміздің бірі. Оны «Амал» мерекесі деп те атайды. Бұл жыл жаңарғандағы алғашқы кездесу, адамдардың бір-бірімен бірінші көріскен күні.

Бұрынғы кезге көз жүгіртсек, жаңа жылды Байбақты Қазыбек күнтізбесі бойынша қарсы алатын аймақ тұрғындары 14 наурызды көрісу(қауышу) күні деп атаған. Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Жасы кішілері ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың үйіне барып, амандасып шығады. Көріскен кезде міндетті түрде «Жасың құтты болсын!», «Бір жасыңмен!» дегені жөн. Кемінде үш шаңырақтың босағасын аттаған дұрыс деген сенім бар. Дәстүрге сай көрісу күні адамдар қыстан аман-есен шығып, бір-бірін жаңа жылдың басталуымен құттықтайды. 14 наурыз күні жайылған дастарқан жиылмайды. Ұлттық тағамдар дайындалып, наурызкөже пісіріледі.

Амал мерекесінде көріскен ер адамдар төс қағыстырып, әйелдер құшақтасып, бір-бірінің бетінен сүйеді. Бұл күн шаттық пен қуаныштың, молшылықтың күні. Әр адам өкпе-ренішін ұмытып, қателіктерді кешіретін кез. Көрісу күнімен әр үйдің шаңырағына құт-береке қонады. Сол себепті әркім ақжарқын, жайдары көңіл-күймен жүрген абзал.

Көрісу қалай пайда болған?

Аға ұрпақ өкілдері көне дәстүрдің тәрбиелік мәні зор деп жатады. Бұл күннің шығу тарихына ғалымдар әрқилы пікірлер айтып жүр. Кейбір зерттеушілер күнтізбе ауысуымен байланыстырса, енді бірі Наурыздың басы деп қабылдайды. Филология ғылымдарының докторы, профессор М.Сабырдың айтуынша, «14 наурыз- «көрісу айты»- көрісу күні емес. Ауыз екі тілде көрісетін күн дегенімен бұл бір күнмен шектелмейтін мейрам.

Ежелгі күллі қазақ даласында болған мереке. Кейін ұмыт қалып, тек батыс аймақтарда сақталған. Мәшһүр Жүсіп Көпей жазбаларында «ертеде 14 наурыз, ескіше 1 наурыз көктем күнінің бірінші күні деп қазақ «наурыздама» тойлайтын еді. Ол 8-9 күнге созылатын еді» дейді. Яғни 22 наурыз күн мен түннің теңелуі, мерекенің шыңы, қыс мезгілінің толық бітуі. Ал қыстан аман-есен шыққан қазақтар бір-бірін қыс бойы көрісе алмаған ағайын-туыс қозыдай жамырасып көрісіп, «Бір жасыңмен!» деп амандасатын болған. Оның шектеуі жоқ, наурыздың 14-нен бастап бір айға дейін көрмеген жамағатын, туыстарын іздеп барып, қауқылдасып, көрісетін болған» деп жазыпты.

Зинолла Ниязов, зейнеткер:

- Ұлы Абайдың «Жазғытұры» өлеңі тура көрісуге арналып жазылғандай. Көрісу кеңес заманында да жақсы сақталды. Бәрі таңмен таласа тұрып, үлкендерге амандасып шығатын. Бала кезімізде жүгіріп, үй-үйді аралаушы едік. Үлкендер бізге тәтті тоқаштар мен бауырсақтар беретін. Ал біз соған мәз болатынбыз. Әжелеріміз сандығын ашып, қыстай киілмеген киімдерін күн көрсін деп сыртқа самсатып, күн көзіне жаюшы еді. Бұл күні той-думан басталып, қазанға баданадай бауырсақтар пісіріп, бесбармақ асып, көже қайнатқаны есімде қалыпты.

А.Қуанышқалиева

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT