1,2 млн кәсіпкер салықтан босатылды

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Жәнібек Нұржанов шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий енгізу және 3 жыл мерзімге салық төлеуден босату туралы түсініктеме берді.

Тиісті түзетулер салық заңнамасына енгізілді. Енді заңға сәйкес, табыс салықтарынан босату 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейінгі кезеңде салық төлеушілерге, яғни микро кәсіпкерлік немесе шағын кәсіпкерлік субъектілері деп танылатын, оның ішінде бірыңғай жер салығын төлеушілерге қолданылады. Осылайша Патент, тіркелген шегерімді пайдалана отырып, оңайлатылған декларация бойынша жұмыс істейтін микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері, салықтарды 70%-ға азайтуды қолданатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және бірыңғай жер салығын төлейтін шаруа қожалықтары келесі салық түрлерінен 100 пайызға босатылады. Яғни корпоративтік (жеке) табыс салығының сомасын, есептелген әлеуметтік салық сомасын және есептелген бірыңғай жер салығының сомасын төлемейтін болады, - деді Жәнібек Нұржанов.

Оның сөзінше, мораторий аясында елімізде шамамен 1,2 млн кәсіпкерлік субъектісі салық төлеуден босатылады, бұл дегеніңіз Қазақстандағы барлық бизнес субъектісінің 75%-ы. Бұл ретте айта кететін жайт, мораторий 2019 жылы басталған тексерістерге қатысы жоқ, сондықтан ол кәсіпкерге еш жеңілдік берілмейді.

2019 жылы мемлекеттік кірістер органдары 27 187 салықтық тексеру жүргізді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,7%-ға аз. Кешенді және тақырыптық тексерулердің саны 6957 болды, оның 5089 шағын бизнес субъектісіне қатысты, бұл барлық тексерулердің 73%-ы. Шағын бизнесті тексеру бойынша қосымша төлем сомасы 72 млрд теңгені құрады. Бұл қосымша есептелген төлемдердің 21% құрайды. Осылайша, қосымша төлемдердің 79%-ы орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі, - деді Комитет орынбасары.

Оның мәліметі бойынша, 2020 жылы күшіне енген мораторий аясында тексеру тағайындаудың ерекше тәртібі бойынша 693 салық төлеушіге тексеріс жүргізіледі. Оның ішінде ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 151, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 542 тексеру жұмыстары жоспарланған.

Дереккөз:baq.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT