10 тамыз –хакім Абайдың туған күні.
Абай сынды алып тұлғаның кемел ойларын рухани өркендеуінің құндылығы-қазақ қоғамының кешегі, бүгінгі және ертеңгі күнінің мәңгілік мәселелерімен сабақтастығында жатыр. Әсіресе, бүгінгі қоғамдық дамуды ізгілендіруде, рухани жаңғыруда гуманистік қағидаларын негіз етіп ұстану арқылы ұлттық мұраттарға түпкілікті бет бұруда ұлы ақынның классикалық мұрасына жүгінуіміз заңды.
Абайдың көз жетпес көкжиектей кең, теңіздей терең ойларын, алтындай асыл, қорғасындай салмақты сөздерін әрбір қазақ баласы, халқының бүгінгі ұрпақтың болашағын ойлаған кемеңгер, көреген ойшыл екендігінде жатыр. Ұлы ойшыл өз философиялық ой-өрімдерге толы өлеңдерінде жеке бас мәселелерінен бастап, күрделі әлеуметтік сауалдардан, адам мен адам, түрлі жастағы, қоғамның түрлі санаттарының бір-бірімен қарым-қатынасын қозғады. Ал қара сөздері адам өміріне, ой-санасына, дүниеге, жаратылысқа терең бойлай жазылған адамгершілік құндылықтарды насихаттайтын мән-мағынасы терең туынды десек, қателеспейміз.
Ақын отаршылдық қыспақтағы сан қазақты тұтастыққа, рухани, саяси ұйысуға шақырды. Бірлігі жарасқан елдің қиындықтарды еңсеріп, ұлы мұраттарға жететінін ұрпақ санасына құйды. Алаш қайраткерлері әлеуметтік ойды ұлт-азаттық күрестің басты темірқазығы етіп ұстанды. Олар Абайтанудың классикалық үлгісін негіздеп, ақын шығармашылығын танудың түпкі негіздерін ұлттық мүдде бағытында атқарылып келген істермен сабақтастырды. Оны нақты жүзеге асыруда келелі істер атқарды. Абай - қазақтың біртуар ақыны, ұлттық әдебиет классигі. Ал классикалық мұра құндылығы тек көркемдік сипатында ғана емес, оның елдігін басты орынға қойған ұлт тағдырымен біте қайнасқан отаншылдық мұратының шынайы айнасы шығармашылық қызметінің басты мұраты-адам тәрбиесі, ұлттық мінез-құлық, әдеп, ар-ұят, ұждан сияқты мәңгілік мәселелер.
Жалпы Абай халықты бақытты болашаққа бастар жолды іздеді. Жастардың бойындағы кеселді кемшіліктерді арсыздық пен ұятсыздық, дөрекі надандықты білім беру арқылы жоюға үндеді. Ақын ол үшін қазақ балаларын оқытатын мектептерді көптеп салуды жақтады. Қараңғылықтан шығар елді өркениетке жеткізер жалғыз жол-оқу-білім екенін көзі қарақты жастарға түсіндірді. Міне, сондықтан Ұлы Абай халықтың үлгі тұтар қайраткер тұлғасы, данышпандық пен парасаттылықтың қайнар көзі.
Абай-қазақтың намысы, ар-ожданы, ұлттық мақтанышы. Ұлы Абай тұлғасы мен мұрасын елімізде ғана емес, шетелдерде насихаттау- біздің рухани байлығымызды, мәдениетімізді халықтық деңгейге көтеріп, данышпанның ұлылығын асқақтату деп түсінеміз.
Сондықтан оның классикалық үлгісі- Ұлы Абай екенін ұмытпайық.
А.Қуанышқалиева