Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,ақын, «Ер кезегі», «Шіркін, дәурен!» жеке жыр жинақтарының авторы, Атырау облыстық әкімдігінің Т.Амандосов атындағы сыйлығының иегері, "Атырау" газеті бас редакторының бірінші орынбасары Нұрым Ерғалиевтың жаңа туындысы:
Карантин.Түнгі Атырау
Тоқтап бір сәт қалғандай ма тіршілік,
Түнгі қала тыныстайды күрсініп.
Ағыл-тегіл көлік те жоқ көшеде,
Жанып, сөніп бағдаршамдар тұр сұлық.
Адамдардың үйге сыймай бір басы,
Өмір-өзен сыздықтайды жылғасы.
Балкондардан беймазалау жандардың
Көрінеді қараң-құраң сұлбасы.
Болсын дейміз баршасына Алла жар,
Пенделер көп, сапада жоқ санда бар.
Қызығынан айырылғандай қамығып,
Мелшиеді түнгі клуб- ханбазар.
Көрінбейтін қуып кезбе елесті,
Карантинде сөз борады, жел есті.
Сығалайды бұлт бүркенген ай ару,
Жұлдыздар да солғын тартқан көмескі.
Тәубе айтып, төсекте кім тыншыды,
Шашын жайып қара орман да сыңсыды.
Мың күнде емес, сынар шөлмек бір күні
Жиіледі тамырымның бүлкілі
Жүрегімде көк аспанның күркірі
Шабыт деген осы ма екен шіркінің,
Сылқ-сылқ күлді түн бикешің-сылқымың.
Сенделумен қасқыр ойлар қамалап
Өтіп бара жатыр менің бір түнім
Енді айқаса қоймас сірә кірпігім...