Таңдай ауылдық мәдениет үйінде Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы, ақын Жаниба Қарасаеваның «Тал бесікке тағзым» атты жаңа кітабының тұсаукесері болып өтті.
«Ағатай» баспасынан жарық көрген кітапқа ақынның әр жылдарда жазылған өлеңдері мен прозалық шығармалары топтастырылған. Өзінің шығармашылық кешін өзі жүргізген ақын оқырмандары және кітабының кейіпкерлерімен емен-жарқын сұқбат құрып, аудиторияны бірден өзіне баурап алды.
Ақынның шығармашылық кешіне аппаратымен барған аудан басшысы Жәрдемғали Бахуұлы ақынға құрмет көрсетіп, алғыс хат тапсырып, иығына камзол жапты. Көршілес Исатай ауданыннан келген ақынның заманы бір құрбылары Жұмажан Қадимов пен Мұрат Бектеновтер өткен күндер естелігін ақтарып, сый-сияпаттарын ұсынды.
Ақынның шығармашылық кешіне көршілес Батыс Қазақстан облысынан Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Айтқали Нәріков, осы уақытқа дейін алпыстан астам кітабы жарық көрген жылыойлық жазушы Қонаш Қалдыоразов, Атыраудан Гүлзада Ниетқалиева мен Гүлмира Сүйекенова сияқты ақын қыздар арнайы келіп, Жанибаның шашбауын көтеріп, мерейін тасытты. Жаниба ақынның шәкірттері өлеңдерін оқып, шығармашылық кештің шырайын аша түсті.
«Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» деп қазақтың өршіл ақыны Қасым жырлағандай, Жаниба ақын да жиналған жұртшылыққа ақындықтың азабы мен ғажабы туралы жан сырын ақтарды.
Н.Тельман