Бүгін Атырауда Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында «Парасатты отбасы» облыстық байқауы қорытындыланды.
Шараны Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті және «Атырау-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі онлайн түрде ұйымдастырған болатын.
Мақсаты – парасатты отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, заманауи жетістіктерге лайықты тұлғаны дамыту, озат ойлы отбасын анықтау болған.Байқауға барлығы 25 отбасы қатысты.
Байқау шартына сәйкес әр отбасы мүшелері парасатты құндылықтарын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ой-пікірлерін өз отбасындағы ұстаным туралы бейнероликтерді әлеуметтік желілерде жариялап отырды.
Осы байқауда Махамбет ауданынан қатысқан аудандық Қазпошта бөлімшесінің басшысы Айдос Талғатұлы мен «Жайық шұғыласы» газетінің бас редакторы Баян Сүлейменқызының отбасы "Ынтымақты отбасы" номинациясына ие болды.
-Отағасы Айдос екеуміз 2005 жылы отау құрып, 15 жыл бойы қол ұстасып, тату-тәтті ғұмыр кешудеміз. Жанұямызда 2 ұл бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Отбасында үй шаруасында бірлесіп атқарамыз. Ұлдарымыз Олжас пен Назар әкесіне көмектессе, қызымыз Асылай анасына қолғабыс береді. Үлкенге- құрмет, кішіге-ізет көрсету, ешкімнің ала жібін аттамау - басты ұранымыз. Балаларымызға ақыл-кеңес айтумен қатар өздеріміз де істерімізбен үлгі болуды мақсат тұтамыз, - деді Баян Сүлейменқызы.
«Жайық-Ақпарат»