Сызылтып, Татьяна ән салғанда...

Бір кездері қолдарына үкілі домбыраларын ұстап, кең-байтақ даламызды әнмен тербеткен орысқа да, қазаққа да ортақ үш Татьянаны өнерсүйер қауым ұмыта қоймаған болар.

Бұл жолы қазаққа келін Татьяна Атырау жеріне жалғыз келді. «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Б.Момышұлы медалінің иегері Татьяна Бурмистрованың аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде өткен ән кеші өзінің шынайылығымен тыңдармандарды бірден баурап алды. Сонау Тәуелсіздіктің елең-алаң шақтарында туған тілі үшін бозторғайдай шырылдаған халық ақыны Әселхан Қалыбекованың толғауымен шығармашылық кеш шымылдығын ашқан Татьяна тіл, дін, діл мәселесіне бейжай қарай алмайтындығын аңғартты. Бұдан кейін өлең-жырдың кені-Кенен Әзірбаевтың өсиет термелерін бірінен соң бірін төкпектетті. Өнеріне дуылдата қол соғып, қошемет білдірген тыңдарман қауыммен емен жарқын тілдесіп, өзінің өнер жолына да қысқаша тоқталып отырды. Осыдан дәл жиырма жыл бұрын Махамбет ауданында концерт беріп, үлкендердің батасын алғандығын сағынышпен еске алды. Өзінің де 91 жастағы анасы аман-сау жүріп жатқандығына шүкіршілік жасады.

–Әкем марқұм хал үстінде жатқанда анам арқылы мені өзіне шақыртты, - деп естелігін одан әрі жалғады Татьяна ханым,- аса маңызды бір нәрсе айтатын болды ғой шамасы деп демімді ішіме тартып, үнсіз тұрдым. «Домбыраңды тастамашы, балам!» деді әкем үзіп-үзіп әрең сөйлеп. Асқан әнші болмасам да, сол әке аманатына адалдық танытуға тырысып келемін. Қазақ халқына деген құрметімді де осы бойға біткен өнеріммен білдірсем деймін, – деп лебізін білдірген әнші сазгер Е.Әбдіхалықованың ақын М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың!» әнімен Махамбеттегі ән кешінің нүктесін қойды. Аудан әкімінің орынбасары С.Аманшиева аудан жұртшылығы атынан Татьянаға ризашылығын білдіріп, әкімдіктің алғыс хаты мен жергілікті шебердің қолынан шыққан үкілі домбыраны сыйға тартты.

Н.ТЕЛЬМАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521