Жуырда Атырау қаласында мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, облыстық ардагерлер кеңесі және ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының ұйымдастыруымен ардагерлер арасында «Ұлағат» аспапты ансамбльдер байқауы өткен болатын.
Жас ұрпаққа халқымыздың ұлттық аспаптарын дәріптеп, ардагерлер ансамбльдерінің жұмысын жандандырып, кәсіби шеберліктерін шыңдау, репертуарларының көркемдік сапасын көтеру мақсатын көздеген облыстық додаға барлығы 10 ансамбль қатысты. Солардың қатарында махамбеттік «Шашу» ұлттық аспаптар ансамблі де болды.
Аудандық ардагерлер кеңесі және аудандағы өнерпаз ардагерлердің ұйтқы болуымен жуырда ғана құрылған ансамбль байқаудан өзінің алғашқы жүлдесі – ІІІ орынды еншілеп қайтты.
Сайыс шартына сәйкес әр ансамбль қазақтың ұлттық көне аспаптары қыл қобыз, сырнай, жетіген, аса таяқ т.б. қолдана отырып, бір шығарма және дәстүрлі бір ән орындау міндетті болды.
«Шашу» ансамблі З.Ещанованың «Каспий толқынын» және ансамбльдің сүймелдеуімен Бағытжан Кенжеғалиев халық әні «Ақау керімді» орындады.
Әділқазылар шешімімен байқаудың бас жүлдесін ҚР Мәдениет қайраткері, доцент Қуанышқали Кипиевтің жетекшілігімен құрылған Атырау қаласының ардагерлер ансамблі иеленсе, ал I орынды Құрманғазы ауданы және 2-ші орынды Исатай ауданының ардагерлер ансамблі еншіледі. Жүлделі 3-ші орынды ауданымыздың «Шашу» ансамблі мен Атырау қаласының Еркінқала ауылынан қатысушы ардагерлер ансамблі өзара бөлісті.
Ұлттық өнерімізді дәріптеген махамбеттік «Шашу» ансамблінің құрамы 12 адамнан тұрады. Көркемдік жетекшісі ардагер ұстаз Халыш Түсекенова, Ж.Шағылбаев бас домбырада, Қ.Түсекенов бастаған Ғ.Есенғожин, Ж.Досқалиева, М.Жәленова, А.Мырзашев, С.Уәлиевтер домбырада, Р.Сүгірова баян, Ғ.Лұқпанова сылдырмақ, А.Төлешова қобыз аспаптарында ойнайды. Б.Кенжеғалиев болса, ансамбльдің сүймелдеуімен әндерді нақышына келтіріп орындайды. Кәсіби әрі әуесқой өнерпаздардан құралған өнер ұжымы ұлттық мәдениетіміздің өрлеуі жолында өз үлестерін қосып, көпшіліктің көзайымына айналарына сенімдіміз.
Б.САПАРОВА