«Саялы Сарытоғайын» әнге қосты

Жаз бойы аудан халқын ән мен жырға бөлеген «Auyl Life» өнер фестивалін сарытоғайлықтар жалғастырды.

Үш бөлімнен құралған концертте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында Сарытоғай ауылының тарихы таныстырылып, екінші бөлімде ұлттық өнеріміздің құндылығын арттыру мақсаты көзделсе, үшінші бөлім заманауи бағытта болды.

Көлеңкелі көрініс арқылы сонау 1932-1936 жылдары халық қоныстана бастаған Сарытоғай ауылында алғашқыда небәрі 30 шақты үй, 150-дей халық болғаны, кейін сұрапыл соғыс жылдарындағы қуғын-сүргін салдарынан түрлі ұлт өкілдерінің Жайық бойын жайлап жатқан аядай ауылға жаппай қоныстанғаны бейнеленді. Аштық нәубеті мен саяси қуғын-сүргін қасіретін басынан өткерсе де, қолындағы соңғы нанымен бөлісіп, тағдыр тәлкегіне түскен ұлт өкілдеріне қол ұшын беріп, баға жетпес көмек көрсеткен сартоғайлықтар бүгінде бір-бірімен құдандалы болып, тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Сол кезден-ақ ауыл тіршілігіне әбден үйренісіп кеткен түрлі ұлт өкілдері қоныстарын көркейтуге бір кісідей ат салысыпты. Бірте-бірте мәдени ошақтар, мектеп, балабақша жүйелі түрде жұмыс жасап, 1948 жылы аты аңызға айналған «Алма бағы» ашылып, жеміс-жидек өсіру қолға алынған. Ақжайықтың суын шелектеп тасып, бау-бақшаны суғарып, алмадан жасалған 3 түрлі өнімді 3 түрлі мемлекетке тасымалдаған болатын. Бірлік пен еңбек салтанат құрған осы бір таңғажайып шақты ауылдың талантты жастары көлеңкелі қойылым арқылы керемет жеткізді. Сан түрлі ұлттың өмірі ғана емес өнері бір арнаға тоғысқан Сарытоғай бүгінде өнерпаздарымен республика, қала берді облысқа танымал.

s

Бұл жолғы кештің көркін қыздырған «Жайық арулары» би тобы, Гүлдана Сисенбаеваның орындауындағы «Саялы Сарытоғайым» әні, Ж.Шағылбаев жетекшілік ететін «Қосалқа» домбырашылар ансамблінің «Күй тартысы», Гүлфайруз Ізбасарованың «Мен –мен едім, мен едім» термесі, Нұргүл Жалмұханованың орындауындағы «Гүлмін» әні және соңғы уақытта кең таралып жүрген пантомима жанрындағы көрініс және «Жалын» квартетінің «Туған ел» әні көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

s

Сарытоғай өнерпаздарының тамаша концерттік бағдарламасын ауданның белсенді жастары жалғастырып, Айнабек Назаров, Перизат Таңатова, Әзілхан Амангелдіұлы, Мұхамбет Сүндетқалиев, Баяхмет Нұрболаттар өнер көрсетті.

s

Кеш соңында Жастар Ресурстық орталығы дайындаған викториналық сұрақтарға көрермендер жауап беріп, естелік сыйлықтар табысталды.

Айнұр САТАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT