«САРАЙШЫҚ – САПАР ОРТАЛЫҒЫ»: арман ба, ақиқат па?

САРАЙШЫҚ – САПАР ОРТАЛЫҒЫ

Құрылыс биыл басталмақ.

Елімізде музей-қорықтарға Сапар орталығын салу мәселесі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында 2017 жылдан бастап қолға алынған. Сол жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Ұлытау, Таңбалы,Отырар музей-қорықтарына Сапар орталықтарын республикалық бюджеттен, «Сарайшық» Сапар орталығын Атырау облысы әкімдігі облыс бюджеті есебінен салатын боп шешілген. «Сарайшық – Сапар орталығының» құжаты үш жыл бұрын бекітілсе де, жүзеге асыру, құрылысты бастауда мәселелер туындап тұр.

ЭКС-ӘКІМНІҢ УӘДЕСІ

Облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен «АстанаИнжПроект» ЖШС «Сарайшық – Сапар орталығының» эскиздік жобасын жасап, оған Махамбет ауданының бас сәулетшісі өз келісімін берген. «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорықтың Сапар орталығының құрылысы 2018 жылы басталатындығы туралы Атырау облысының бұрынғы әкімі Нұрлан Ноғаев халыққа есеп беру жиынында айтқан болатын. Содан бері үш жыл уақыт өтті. Жобаға сәйкес бұл орталық туристер мен келушілер үшін барлық жағдай жасалған толық кешен болмақ. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Сарайшық ауылынан 2 гектар жер де бөлінген. Мұнда әкімшілік ғимарат, қонақ үй, шаруашылықтұрмыстық үй секілді бірнеше ғимарат салынуы тиіс. Екі қабатты әкімшілік ғимарат ішінде экспозициялық-көрме залдары, қор қоймасы, 100-150 орындық конференц-зал,зертханалық және қалпына келтіру үй-жайы, кітап қоймасы мен электронды мәліметтер базасы бар кітапхана орналасады. Кешен аумағында лекция өтетін алаңдар, ашық аспан астындағы музей мен этноауыл болады.

Визиторталық өзге елден келуші туристердің қызығушылығын оятуға және ішкі туризмнің дамуына септігін тигізіп,Сарайшық сокралды қалашығына адамдардың назарын аударады,-деген еді экс-әкім Нұрлан Асқарұлы.

ҚҰРЫЛЫС БИЫЛ БАСТАЛМАҚ

Сол жылы Атырау облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Сапар орталығына берілген жерді өзгерту, Жайық өзені жағалауына жақын маңға көшіру туралы ұсыныс берді. Жаңа ұсынысқа байланысты облыс басшылығына, Махамбет ауданы әкімдігіне Жайық өзені жағалауынан жер қарастыруды тапсырды.

- 2018 жылы Жайық өзені жағалауынан бөлінген жерге табиғат қорғау прокуратурасы қарсы болып, жер заңдастырылмады. Ол жерлер Жайық өзені бассейнінің табиғат қорғау аймағы, су басу қаупі, т.б. жағдайлар бойынша сай келмеді. Қорытындысында мемлекеттік экспертизадан өтпеді. Ақырында 2020 жылы Сапар орталығын бастапқы берілген жерге салу ұйғарылды. Биылғы жылдың ақпан айында мемлекеттік экспертиза бағасы берілді,-дейді «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Айбек Тұрарұлы.

Тарихшылар, ғалымдар тарапынан Сапар орталығының жобасына қатысты сын-пікірлер де айтылды. Расында, Қазақ елінің астанасы болған жобаның ортағасырлық стильге сай деуге келмейтін еді. Содан аудан әкімі Ринат Бауыржанұлының бастамасымен алғашқы қалалық дәстүрге лайықтап ғимараттың сызбасы жасалды.

joba120421

- Сапар орталығының құрылысын жүргізу үшін облыс әкімдігінің сұралымы бойынша ҚР Қаржы министрлігінен 1 миллиард теңге қаржы алынды. Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Қазақ хандығының астанасы болған ортағасырлық Сарайшықтың көрінісін беретін, ХІV-ХV ғасырдағы шығыстық қала сәулетіне тән ғимарат болуы қажеттігі айтылды. Содан ғимараттың сыртқы көрінісі жаңа сәулеттік түрге ие болды. Аймағымыздағы алғашқы қалалық дәстүрді сақтай отырып, құрылысты соған лайықтап, жаңа Сапар орталығын салу – Сарайшықтың республикамыздағы алдыңғы қатарлы туристік аймаққа айналдыруға бірден-бір кепіл болмақ, - дейді А.Тұрарұлы.

ӨТКЕННЕН САБАҚ АЛҒАН ЖӨН

Бір кездері қаржы мәселесі толық шешілмеген «Хан ордалы Сарайшық» мемориалды кешені 1999 жылы салынып, биіктігі 17 метр кесене тұрғызылды. Кешеннің құрылысы бірден төрт аяғынан тік тұрып кете алмай, іркілістер болғаны белгілі.Бірақ демеушілердің көмегімен іс оңға басып, 4 ай ішінде құрылыс аяқталып, Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен кешеннің салтанатты ашылу рәсімі болғаны күні кешегідей халықтың көз алдында.Кешеннің архитектуралық шешімін, тіпті орнын да белгілеген – Иманғали Тасмағамбетов.

Аталған айтулы оқиғалар тұсында аудан тұрғындары үлкен ұйымшылдық танытты. «Сарайшық» кешенінің тарихи маңыздылығын түсінген махамбеттіктер өз көмектерін көрсетуге асықты. Арнайы ашылған «Сарайшық» есепшотына ауданның барлық бюджеттік мекемелері біркүндік еңбекақыларын аударса, «Ақжайық», «Мұра» кооперативтері де өз мүмкіндіктеріне қарай көмек көрсетті. Сол кезде мұражай кешенінің тұрғызылуы бүкіл елімізбен қатар алыс-жақын мемлекеттерді де елеңдеткені ақиқат. Бұл мысалды не үшін айтып отырмыз. Сапар орталығын тұрғызуға облыстағы ірі кәсіпорындардан, демеушілерден неге көмек сұрамасқа? Ұзақ уақыт құр елестің артынан қуып, қағаз жүзінде ғана қақшитып қойғаннан не ұтамыз? Көтере алмайтын «шоқпарды» белге байламас болар. Мәдени мұраға жұртшылықтың өзі бас-көз болмаса, ертең бүгінімізден де күйзелуіміз мүмкін.

Қазақ елінің тұңғыш астанасы саналатын Сарайшықтың тұла бойы – тұнған тарих, тұнған мұра. Шетелдіктер бір көруді армандайтын киелі мекен, Қазақ хандығының көне астанасы. «Қазақстанның киелі жерлері» географиялық картасына енген тарихи орынды бүгінде туристік нысанға айналдыру бағытында қолға алынған жұмыстарды уақыт оздырмай шешу маңызды. Құрылысқа бөлінген қаржы тиімді жұмсалып, музей қызметкерлері, тарихшылар басқосуларында жиі қозғалатын «Сапар орталығының» құрылысы толықтай жүзеге асып, тарихи сәттің куәгері болатын күн көп ұзамай туады деп сенім артамыз.

Қ.БАҒЫТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT