Драма үйірмесі – театр әртістерінің алғашқы мектебі

Жағдайың қалай, халық театры?

Әрбір жұрттың өнері әуелі әр елдің тіршілік қалпындағы белгілі шарттарынан туады. Жан-дүниеңіз тыныштық тауып, бір сергіп қалатын жер – ол театр. Театр – өмір көріністерін драмалық әрекет арқылы көрермендердің көз алдында актерлер күшімен бейнелейтін сахналық өнердің бір түрі. Әр ауыл мен ауданның ажарын кіргізетін халық театрлары ел ішіндегі тума таланттардың басын біріктіріп,көркемөнерпаздардың өз күшімен құрылады. Бұл ретте «Алға» халық театры қандай сатыдан өтті, театрдың өсіп-өрбіген тарихы не айтады?

БАЙЗАҚОВТЫҢ «АҚБӨПЕСІНЕН» БАСТАЛҒАН-ДЫ...

Жергілікті жұрттың көзайымына айналған театр алғашқы жұмысын 1960 жылы Алға ауылдық клубы жанынан шағын драма үйірмесін құру арқылы, ауыл еңбекшілерін мәдени қамту арқылы бастады. Сол жылы мектеп мұғалімдері Құсиын Айтқалиев пен Махамбет Оңдағани Иса Байзақовтың «Ақбөпе» дастаны бойынша инсценировка жазып, сахнаға шығарды.Рөлдерде негізінен мектеп мұғалімдері Б.Қонысов, Е.Айтмағанбетов, З.Мұхамбетова және ауыл жастары ойнады. Алғашқы іс қай уақытта да қиындық туғызатыны белгілі. Қойылым бұрынғы қазақ даласындағы оқиғаны суреттейтін болғандықтан, сол кездегі көріністер мен құрал-жабдықтар болуы шарт еді. Сондықтан ауылдағы көнекөз қариялардың сандығындағы шапан, камзол, сақина, білезік, белбеу, тақия, қама бөрік сияқты құнды дүниелерді сұрап алып, әртістерді киіндіреді. Спектакільге қажетті бутафориялар қолдан жасалып, сақалмұрттар кәдімгі желіммен жапсырылады. Сол уақытта ауылдағы шағын клубтың ішіне адам сыймай қалып, өз ауылдастарының алдында өнерлерін шынайы түрде көрсетуге әртістер де барын салып бағады. Трагедиялық жанрдағы пьеса болғандықтан музыка да соған лайықталыпты.

- «Ақбөпе» спектаклінен кейін драма коллективі ұйымшылдықтың,алға ұмтылудың нәтижесінде биік белестерді бағындыруға болатынын біліп, тоқтап қалмай, үйірмеге жаңадан мүшелер тартылып, бір айдың ішінде Б.Соқпақбаевтың «Боз төбеде бір қыз бар» комедиясын М.Оңдағанидың режиссерлығымен сахналады. Қойылымдардың өз дәрежесінде шығуына атсалысқан Х.Жалмурзин,Ф.Есенкенжина, Т.Ұзақбай, О.Көшеновтердің жұмыстары ерекше. Ұжым репертуарларына көлемді драмалық шығармаларды сахналауға мүмкіндік сараланып Ш.Құсайыновтың «Алдар көсе» комедиясы, М.Әуезовтың «Қаракөз» трагедиялары қойылды. Бұл – театр жолының бастауы болды, - дейді театрдың тарихын баяндаған «Алға» мәдениет үйінің басшысы Ілес Боранбай.

b

Драма ұжымының алдында үлкен мақсат тұрды. Ол – «Халықтық театр» атағын алу. 1973 жылы 19 мамырда Республикалық комиссия Алға ауылына келіп, ұжымның дайындаған Т.Ысқақовтың «Даладағы дүбір» пьесасын көріп, талқылап «халықтық» атақ алуға ұсынды. Арнайы құжат сол жылы 11 қазанда келеді. Сол уақыттан бастап театрға арнайы екі штат бөліп, Алға халық театрының режиссеры болып Махамбет Оңдағани тағайындалды. Осыдан кейін театр ұжымы асқан зор ізденіспен биіктей берді. Оның дәлелі Б.Майлиннің «Жалбыр», Ә.Кекілбаевтың «Абылайхан», М.Төлебаевтың дүние жүзіне танылған «Біржан-Сара» операсын жұртшылықтың алдына шығару театр ұжымының кәсіби дәрежеге көтерілгенінің айғағы. КСРО Халық мұғалімі Қ.Айтқалиев «Қаракөз», «Қызыл сұңқарлар», «Жалбыр»,«Қуырдақ дайын» спектакльдеріне режиссерлік етуге қатысты. Театрды құруда ұжым мүшелері кәсіби актерлер болмаса да, жергілікті жұрттың көзайымына айналған ауылдың әр салада жұмыс жасайтын жігіттері мен қыздары болды. Олар: О.Қаймақов, Қ.Тұраров, Т.Ұзақбай,К.Сүйін, М.Сырлыбаев, С.Әуелбаев,К.Ахметов, Б.Ашихов, Қ.Егізбаев,А.Оңдағанов, Л.Көшенов, Қ.Сағынов,Н.Төлегенов, М.Әлібаев, Ә.Үмбетова,Х.Мұсағалиева, Ж.Жұмашқалиева,А.Алдабергенова. Г.Шалтанова, Р.Көшбаева, Н.Кенжиева, М.Құсайынова, Б.Нұрғалиева.

alga190421

Шалғай жатқан ауыл-ауылды аралап,гастрольдiк сапардан табысты оралған театр ұжымын ауыл тұрғындары сыйқұрметпен күтiп алып, олардың әр жаңа қойылымына үлкен сеніммен қарады.Театр жылнамасында осы бiр қоғамдық іс те ерекше орын алады. Тоқырау жылдарында театр шығармашылығы бiр сәтке де тоқтамады. Қайта бұрын айтылмайтын тақырыптар қозғалып, жаңа бiр дәуiрдi бастан кешiрдi. Театрдың жарты ғасырлық ғұмырында Б.Сатыбалдиев, А.Қожахметов,А.Бөкенов, С.Оңдағани, Д.Оңдағанов, Ғ.Ахметов, К.Ахметов, І.Боранбай,Ө.Қошетеров, Б.Көшенова, А.Мұсағалиева, Г.Әбішева,З.Алашбаева, Ф.Берниязова,Н.Мырзағалиева, С.Дәукиева,Г.Құлынғарина, Ш.Бұхарбаева, Н.Әбішева секілді әртiстердiң бiрнеше буын өкiлдерi де ауысты.

Сол шақтан берi қырықтан астам спектакль сахналаныпты. «Абай жолы» эпопеясы желісінде «Әнді сүйсең, менше сүй», Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» повесі бойынша «Ата, атажан», Махамбеттің 200 жылдығына орай «Өзекті жанға бір өлім», «Мұқағали мұңы», «Дариға, домбыраңды берші маған», А.Макоеноктың «Трибуналы», М.Шахановтың «Сенім патшалығы», Ә.Кекілбаевтың «Абылай хан» спектакльдерін және балаларға арнап Ш.Құсайыновтың «Алдар көсесін», А.Хангельдиннің «Кереметін» де сахналаған. Арасында комедиялық жанрдағы қойылымдар да бар. Театр ұжымы көбіне-көп комедиялық жанрға бейімделді. Әсіресе С.Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдық», Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» комедиясы әлі күнге дейін көрермендер есінен кетпейді. Қалтай Мұхамеджановтың «Қуырдақ дайын» комедиясындағы көтерілген үрдіс сол кезге дәл келгенмен қазір де өзінің өзектілігін жойған жоқ.

«ХАЛЫҚТЫҚ» АТАҒЫ ҮШ ЖЫЛ САЙЫН ҚОРҒАЛАДЫ

Академиялық театрларда ғана қойылатын, тіпті ол кезде бірде-бір аға театрлар қоймаған М.Әуезовтің «Қарагөз» атты кең тынысты спектаклiн де шама-шарқыларынша сахналап көрген. Сондай-ақ, Ф.Бөлековтің «Күйеу іздеген кемпірлер» мұңды комедиясы да көпке ой саларлық қойылым болды. Сондай-ақ театр ұжымы тәжірибе алмасу бағытында көршілес Индер ауданына қарасты Жарсуат ауылына театр режиссеры М.Оңдағанидың «Өзекті жанға бір өлім» қойылымымен гастрольдік сапарларға шықты. Театр жанында балалар труппасы Бүкілодақтық байқаудың лауреаты «Самал» мәдениүгіт бригадасы, «Шежіре» тарих клубы жұмыс істеді. «Самал»-дың 12 арнайы бағдарламасын М.Оңдағани өзі даярлап, сахналады.

alga-190421-1

Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Самал»-дың репертуарында көбіне адамдар өмірі мен тұрмысындағы келеңсіз жайттарды сынай отырып, оларды қалай түзету керек екендігіне жол сілтейтін сатира, юмор, өткір сын жанрлар орын алды. Оның ішінде, «Комсомолдар – тынымсыз соққан жүректер!» атты бағдарламада аудан орталығындағы сахна өткір сынға алынып, дереу атқару комитеті қолға алып, сахна бір айдың көлемінде жаңарып шыға келеді. «Бүгінгі дән – ертеңгі нан» бағдарламасында кеңшардың көктемгі егіске даярлық баяу жүріп жатқандығы сыналса, «Кекіренің ақбайталы» атты өткір сынды бағдарламада адамдар арасындағы қарым-қатынас, жастар арасындағы келеңсіз жағдайлар сыналып, тұрғындар біраз сабақ алғандай болады. Өткір сын асқан әртістік шеберлікпен айтылса, көрсетілсе, қай кезде де пайдалы болатыны анық.

- Театрдың негізін салушы Махамбет Оңдағани ағамыз зейнеткерлік жасқа шыққаннан кейін де театр өз жұмыстарын тоқтатқан емес. Әр үш жыл сайын театр ұжымы «Халықтық» атағын қорғау үшін тыңнан қойылымдар шығарып, аудан көлемінде гастрольдік сапарлармен шығып отыр. Мысалға Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» драмасын, жерлес драматург, индерлік Есенжол Домбаевтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық театрлар байқауына автордың «Біздің ауылда қызықтар бола береді» комедиясын сахналады. Театрдың маусым ашарын осы қойылыммен Махамбет ауданының 90 жылдығына орай аудан көлеміндегі елді мекендерге гастрольдік сапарлармен шығып келді.

Қазіргі таңда жаңадан Алға халық театрының режиссеры болып Салтанат Жантыбай тағайындалып, театр жұмыстарын жандандыру үстінде. Биылғы тырнақалды алғашқы жұмысы – Е.Домбаевтың «Аман жүрші, ақ келін» спектаклі. Театр ұжымы осы қойылыммен республикалық «Халықтық» театр және «Халықтық» атағына үміткер драма ұжымдарының байқауына қатысқалы отыр. Қазіргі уақытта театрдың жұмысын жандандыруда атсалысып жүрген жаңа буындар Ө.Қаймақов, Е.Баймұқанов,Е.Әуелбаев, М.Қашқылдықов, Н.Әбішева, Ж.Құрмағалиқызы,Ө.Бисенғалиевалардың еңбегін айта кеткен жөн, - дейді мәдениет үйінің басшысы І.Нұрымұлы.

ДРАМА ҮЙІРМЕСІ – ТЕАТР ӘРТІСТЕРІНІҢ АЛҒАШҚЫ МЕКТЕБІ

Аз ғана адамнан құралған кішкентай ұжымдардың аудандық деңгейде өнер көрсетіп, өнер үшін жасап жүрген жанкешті еңбегі ұшантеңіз. Мамандықтары өзге болса да, бойындағы өнері бұлқынып,оларды театрдың сахнасынан бір-ақ шығарған. Жыл сайын ауданда драма үйірмелерінің байқауы өткізіліп тұрады. Өткен жылы үздік танылған Ақжайық ауылдық мәдениет үйі мен Ақтоғай ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған драма үйірмелері жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді.Ақжайық ауылдық мәдениет үйінің директоры Қамбар Джакиевтың айтуынша, драма үйірмесі осыдан 13 жыл бұрын өз жұмысын бастаған.

a

- 2008 жылдан бері үйірменің құрамы өзгергенімен, тұрақты түрде жұмыс жасап келеді. Үйірме мүшелері аптасына үш мәрте дайындық жұмысын өткізеді. Ауданымызда өткізілетін түрлі мәдени-көпшілік шараларға белсене қатысып, қазақтың болмысын көрсететін көріністер мен өмірде болып жатқан жағдайларға байланысты шағын қойылымдар ұйымдастырады.Оның ішінде, аудандық, облыстық байқаулар мен фестивальдерге қатынасып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мәдениет үйінің қызметкері Сара Қайырова жетекшілік ететін үйірме аудандық үйірмелер байқауында Ш.Айтматовтың «Ана – Жер Ана» повесінен үзінді қойып, жүлделі І орынды иеленді. Өнерге шын бас иіп келген зейнеткерлер мен оқушылардан, белсенді жастардан құралған үйірменің өзіндік қолтаңбасы бар. Топ мүшелері алдағы уақытта жоғары жетістіктерден көрінеді деген сенім білдіреміз,-дейді мәдениет үйінің директоры.

Шағын драма үйірмелері болашақ театр әртістерінің алғашқы мектебі екені анық. Ақтоғай мәдениет үйі жанындағы драма үйірмесі 2001 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары, мәдениет үйінің қызметкерлерінен құралған үйірме де аудандық байқауларға қатысып,жүлделі орындардан көрініп жүр.

- Драма үйірмесі Ж.Қарасаеваның «Жаулық ұшына түйілген хат»,С.Омаровтың «Ана қайраты», Қ. Бекбаевтың «Қызғыш құс»,А.Әуезханұлының «Қадірлі ата-анаңды тірісінде», М.Әуезовтың «Қарагөз» атты шығармаларынан үзінділер сахналап, көрермен көңілінен шығуда.Е.Гумаров, М.Қадимова, А.Бөлекбаева, М,Сансызбаев, Қ.Жамбылова сынды үйірме мүшелері белсенді түрде жұмыс жасауда. 2019 жылы Ербол Гумаров драма үйірмелерінің аудандық байқауында «Үздік ер адам бейнесі», үйірме тобы «Үздік сахналық қойылым» номинациясымен марапатталса, өткен жылы «Бас жүлдеге» ие болдық, - дейді Ақтоғай ауылдық мәдениет үйінің директоры, үйірме жетекшісі Қаламқас Темірғалиева.

Тамыры терең, тарихы кенен рухани өнердің қарашаңырағы – Алға халық театрының бүгінгі тыныс-тіршілігін бағамдайтын болсақ, сол ХХ ғасырдың 60-жылынан басталған жұмыстардың қазіргі күні сәл баяулап қалғаны, бекзат өнердің көрерменге берері азайып,тоқырап бара жатқанын байқадық. Заман талабына сай театрдың арнайы толыққанды штаттық құрамы, кәсіпқой әртістері болмағасын қойылымдарды шығару қиынның-қиыны болып тұрған көрінеді. Оның үстіне театр бюджетінің, сол салаға қаралған қаражаттың жоқтығы да қолбайлау болып отыр. Соған қарамастан, 50 жылға жуық тарихы бар «Алға» халық театры 40-қа жақын спектакльмен 50-ге тарта скетч мен интермедиялар шығарды. Қаржысы жоқ болса да, көңілдері тоқ қазіргі ұжым «халық театры» деген атауды жоғалтпай, Махамбет пен Құсиын ағайлар бастап салған сара жолдан ауытқымай келе жатыр. Ал олардың еңбегі қоғамда қаншалықты еленуде?! «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» демекші, әлде халықтың ойында тек материалдық даму ғана болып, рухани азық алу тұрғысында жетілу, өнерпаздардың өнерін бағалауға келгенде кері айналып кетіп жүр ме?

Сіз не дейсіз, оқырман?

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT