Мүйіз тектес ою – ұлтымыздың бренді

Халқымыздың ұлттық киімдері – заманауи тарихпен қатар дамып, біте қайнасып келе жатқан асыл қазынамыз.

Сонау көшпелі кезеңдерден күні бүгінге дейін қол өнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, көз тартар әсемдігі мен ыңғайлылығының арқасында қолданыстан қалмай келе жатқан киімдеріміз де жетерлік. Қазақтың ұлттық киімдері оның бай тарихы-мәдени мұрасы өзге халықтардың киімдерінен басқаша және ерекше қасиетке, сән-салтанатқа ие.

Ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қозғағанда «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген тәмсілге тоқтамай кетпейміз. Әсіресе қыз баласының өмірінде ананың алар орны зор. Қыздардың іске икемді, ақылына көркі сай болып бойжетуі тікелей ана берген тәрбиеге байланысты. Сол себепті кез келген ана қыздарының қол қусырып отыруын жат әдет санап, оны әлімсақтан еңбекке баулыған. Қолы қалт етсе ине ұстатып, тігін тігуге бейімдеген. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де тігін тігу өнерін анасынан үйренгенін айтады. Лариса Ізімқызы Махамбет ауданы, Сарытоғай ауылының тұрғыны, көп балалы ана.

-Анам іс тігуге бала кезімнен баулыды. Ол тігін тігу ешқашан ұмытылмайтын іс екендігін айтып отыратын. Халқымыз ежелден «Қол өнері – кілемде» деп қолөнерге ерекше мән берген ғой. Заман өзгерсе де сол құрмет әлі азаймаған. Анам құрақ құрап, көрпе тігіп, көйлек пішіп, ою салатын-ды. Өзім бұл өнерді 2016 жылдан бастап кәсіп ашып жалғастыра бастадым. Құрақ құрап, көрпелер тігіп, ұлттық киім тігуді де қолға алып жатырмын. Көбінесе «қошқар мүйіз», «түйе табан ою», «қос мүйіз» оюларын қолданамын. Қазіргі кезде заманауи түрде ферамен жұмыс жасап келемін.Өзімнің қыздарыма да үйретудемін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей,балаларым да қолғабыс беріп, көмектеседі.

Ықылым заманда құрақ құрау матаның қиындысын ысырап етпес үшін жасалған. Ал қазір ол қыз жасауының көркі, шаңырақтың шырайына айналды. Соған қарамастан, барлық оюлардың бастапқы элементінің негізі — «мүйіз» тектес ою-өрнек болып саналады. Қазақтың ұлттық ою-өрнегі — қазақ жерін мекендеген көшпелі тайпалар өнері әсерімен ғасырлар бойы қалыптасып, белгілі бір жүйеге келген ою-өрнек түрлері.

Қазақтың алғашқы ою-өрнек үлгілері Андронов мәдениеті мен байырғы сақ, ғұн, үйсін өнері мұраларынан геометриялық, зооморфтық (жан-жануарлардың табиғи және фантастикалық бейнелері), көгеріс өрнек пен қиял-ғажайып ою-өрнектер (аспанның, жердің символы) ретінде кездеседі. Олар негізінен малгершілік, саятшылық, әдет-ғұрып, үй іші жабдықтары мен сән-салтанат бұйымдарын, батырлық қару-құралдарын әсемдеуге қолданылған. Тартымды жасалып, биязы көркемделген өнердің көне мұралары (алтын тәтілер, ағаштан қыштан, өнделген теріден жасалған ыдыстар, түкті кілемдер мен кестелі заттар т.б.)

«Қошқармүйіз» ою-өрнегі қойдың төбесі мен екі жаққа иіріле түскен мүйіз бейнесінде келіп, оның қолтық тұсынан қойдың құлағын долбарлайтын тағы бір шолақ мүйіз тәрізді екі буын шығып тұрады. Одан байқаған адамға қошқардың тұмсық бейнесі аңғарылады. Текемет, сырмақ, басқұр, алаша, кілем, былғары, сүйек, ағаш, зергерлік бұйымдардың барлық түрлерінде кездеседі. Киізден жасалған бұйымдарда бұл ою түсті шүберектермен ойылып, құрақ, яғни аппликациялық өрнек түрінде де тігіледі.

Ал «Қосмүйіз» ою-өрнегі қойдың, ешкінің, сиырдың екі мүйізін ғана бейнелейді және кейде «ырғақ», кейде «ілмек» деп аталатын оюларды «қосмүйіз» дейді. Үй жиһаздары мен тұрмыстық заттарды,киім-кешек, қару-жарақтарды безендіру үшін пайдаланатын қой, ешкі, сиыр, бұғы, марал сияқты жануарлардың қос мүйізін бейнелейтін ою-өрнек. Қазіргі кезде «қосмүйіз» ою-өрнегін сәукелеге, айыр қалпақтың төбесіне, шетіне, қамзолдың алдыңғы жағына, етіктің қонышына салады.

«Түйе табан» ою-өрнегі түйенің басқан ізін долбарлайтын күрделі ою-өрнек. Ол кейде «қарта», «қарға», «қызылайыр» ою-өрнегіне ұқсайды. Қатар тұрған S тәрізді екі сызық қатарласып қосылмайды, түйенің табанына ұқсас екі жарты сопақша дөңгеленіп келетін ою. Түйетабан деп аталатын көп гүлді, үлпек басты тікені бар өсімдік ол да түйенің табанына ұқсас екі жарты, оны кей жерлерде «табақ» өрнегі деп атайды , - дейді Лариса.

К.САПАР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT