Осыдан тура 11 жыл бұрын қазақтың домбырасының бір ішегі үзіліп кеткендей, дала күйзеліс шерін күңірене тартқан еді.
Халық өнері де, өмірі де өнеге болған қазақтың ардақты перзенттерінің бірі, күй көгінде қалықтаған Қаршыға Ахмедияровтан айырылып қалған-ды. Бүгінде қалың елін күйге бөлеген дүлдүлдің ізбасарларын жетілдіріп, қанаттарын қатайту мақсатында жер-жерде шаралар өткізіліп келеді. Солардың бірі – «Қазақтың Қаршығасы» атты облыстық күй орындаушылар байқауы. Көрермендер алдымен Қаршыға Ахмедияров туралы бейнебаянды және «Қаршыға мен Шабыт» атты сахналық қойылымды тамашалады.
Сахнаға шыққан әртістер белгілі күйшінің балалық шағынан бастап ер жетіп, ақыл тоқтатқанға дейінгі сәттерін, шалқар шабытқа бөленген кезеңдерін әсерлі сомдап шықты. Қаршыға Ахмедияровтың аса дарынды домбырашылығын, қазақтың күйшілік өнерін, күйлерді орындаудағы шеберлігін өскелең ұрпаққа, өнерсүйер жұртшылыққа кеңінен насихаттаудағы еңбегін паш ету мақсатында өткізілген байқауға Мақат, Жылыой, Исатай, Құрманғазы, Махамбет ауданынан және Атырау қаласынан жас күйшілер қатысты.
Қазақстан Республикасының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Парасат» орденінің иегері, күйші Қаршыға Ахмедияров атындағы бұл байқау Махамбет ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, сондай-ақ «Өнерпаз» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өтті.
Байқауға қатысушылардың өнеріне төрелік етіп, сарапқа салған қазылар алқасының төрағасы Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Музыка және өнер» кафедрасының оқытушысы С.Садықов болды. Сонымен қатар қазылар алқасының қатарын домбырашы, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы, Атырау музыка колледжінің ұстазы С.Тәжіғалиев, «Nur Otan» партиясы Махамбет аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Р.Әженов, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени-демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының шығармашылық бөлім басшысы Д.Арыстанғалиева, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Н.Аруев толықтырды.
Конкурс 2 кезеңнен, ал әр кезең 3 бөлімнен құралды. Өнерпаздар І кезеңнің алғашқы бөлімінде Қ.Ахмедияровтың «Атырау», 2-бөлімінде Құрманғазының «Төремұрат» күйінің Қ.Ахмедияровтың орындауындағы нұсқасын ұсынып, 3-бөлімде өз қалауы бойынша Қ.Ахмедияровтың жай немесе орташа сарында жүретін бір төкпе күйін орындады. Байқау ережесі бойынша ІІ кезеңнің 1-бөлімінде өнерпаздар күйшінің берілген 8 күйінің бірін суырып таңдау арқылы орындады. Олар «Алтын ұя», «Құрманғазы Ақжелең», «Бапас Ақжелең», «Ақаң Ақжелең»,«Шамғон Ақжелең», «Күй анасы», «Күй-ұран», «Раушан – гүлім» күйлері. Екінші кезеңнің 2-бөлімінде өз қалауы бойынша Қ.Ахмедияровтың бір шертпе күйін орындап, 3-бөлімінде күйшінің «Имаш Байжұма» күйін назарға ұсынды. Қазылар алқасы облыстық байқауда өнер көрсеткен үміткерлердің өнерін таразылап, әділ бағасын берді.
Байқау қорытындысымен «Бас жүлдені» атыраулық Нұрлыбек Нажекенов, бірінші орынды жылыойлық Қайрат Жұмағалиев, екінші орынды исатайлық Әбілхайыр Есентайұлы жеңіп алса, үшінші орын махамбеттік Ибрахим Сұлтанов пен мақаттық Ернар Бекболатұлына бұйырды. «Рысбай Ғабдиев» атындағы арнайы жүлде атыраулық Бекболат Каримовке, ал «Әзидолла Есқалиев» атындағы арнайы жүлде құрманғазылық Алмазия Ғарифоллақызына табыс етілді. Сахна төріне Қаршыға Ахмедияровтың жұбайы, байқаудың құрметті қонағы Нұрбике Ахмедиярова көтеріліп, байқауға қатысушыларға ізгі тілегін арнады. Аудан әкімінің орынбасары М.Сейтқалиев қатысушыларға алғысын білдіріп, күйшінің жұбайына сый-сияпат көрсетіп, гүл шоғын ұсынды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ