Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ауылдық округтер арасында «Тәуелсіз елім- тұғырың сенің биікте» өнер фестивалін Алға ауылдық округі бастады.
7 маусымда «Өнерпаз» мәдениет үйінде онлайн фестиваль тамашаланды. Сахна шымылдығын алғалық бишілер «Шашу» биімен ашып, одан әрі өнерпаз Дильназ Жұмашева «Астана» әнін әуелетті.
Сонымен қатар Ерлан Баймұқанов «Тәуелсіздік» өлеңін мәнерлеп оқыса, домбыра ансамблі «Ата толғауы» күйін күмбірлетті. Айбар Қапанның «Қайран, көңіл» сазды әуенін ойнауы, Алтай Смағұловтың домбырада Майлықожаның термесін орындауы ерекше есте қалды. Таңшолпан Үржімбаеваның «Ақ кербез» биін, Сырымжан Тілегеннің «Ауылға барам» әнін, Саяжан Құлахметованың халық әні «Әдемі қызды» шырқауын да атап кеткен дұрыс. Балалар труппасы қойған «Күй» поэмасынан үзіндісі де көпке ой салды.
Фестивальда Алмагүл Ермекова мен Жұлдыз Құрманғалиқызының күй тартысын да атап кеткен абзал. Өнер додасын жігіттер квартетінің «Атамекен» әні қорытындылады.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА