ЖАЛҒАНСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ, ЗЕЙНЕТКЕР, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ ЖАЛҒАС ОТАРОВ АҒАМЫЗДЫ ЕЛ-ЖҰРТ ЖАҚСЫ ТАНИДЫ. ОЛ – АУЫЛДАҒЫ АЛЫСТАН МЕНМҰНДАЛАП ТҰРҒАН ЕКІ ҚАТАРЛЫ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ БОЙ КӨТЕРУІНЕ МҰРЫНДЫҚ БОЛҒАН ЖАНДАРДЫҢ БІРІ.
- Өзім 14 ауылда туып-өстім. Әкем Рысқали Отаров «Фурманов» ұжымшарының төрағасы болды. Біз отбасымызбен 1956 жылдың наурызында Жалғансай ауылына көшіп келдік. Келген кезде «1 май» кеңшары құрылып, әкем соның төрағасы болды. Мектепті Чкаловта 5-6 сыныпқа дейін оқып, кейін 7-сыныпта Д.Төленовмектепинтернатына ауысып, сол жерден бітірдім. 19691971 жылдары Германияда Отан алдындағы борышымды өтеп келдім. «1 май» кеңшарында екі жыл тракторист болып еңбек еттім. Кейін Алматы қаласына барып, ауыл шаруашылығы институтының «ауыл шаруашылығын механикаландыру» факультетін бітірдім. 1980 жылы партияның нүсқауымен «1 май» кеңшарына бас инженер болып тағайындалдым. Мекеме директоры Н.Д.Брагин болды. Кейін ғимараттар салынған соң бұрынғы Чкаловқа көшті. 19871991жылдары «КСРО-ның 60 жылдығы» кеңшарында директор болып, жұмыс жасадым.
Картоп өсіру – оңай емес. Оны жинаудың өзіне жеті жүзге жуық адам келіп-кетіп, еңбек ететін еді. Бұрын кеңшарда 314 га жерге картоп егілген екен. Кейін ол жерді 370 гектарға ұлғайттық. Оған қоса, бұл жерлерге қарбыз, пияз, сәбіз ектік. Егін жыл сайын бітік шығып, бар шығынымызды жабатын.
1987-1991 жылдың соңына дейін «КСРО-ның 60 жылдығы» атындағы кеңшарында еңбек етіп, 1992 жылы «Жеңімпаз» жеке кәсіпкерлігімді аштым. Бір жылдан соң 1993 жылы кеден постына жұмысқа шақырды. Ол кезде Махамбетте кеден бекеті болды. 1997 жылы Атырау әуежайына кеден бастығы болып ауысып, ол жерде екі жылдай жұмыс жасадым. 1999 жылы облыстық кеден-бақылау департаментінің шаруашылық бөлімі бастығы болып, 2013 жылдың сәуіріне дейін еңбек еттім. «Еңбектің наны тәтті» дегендей, жасаған еңбектің зейнетін көргенге не жетсін?!
Кеденде қызмет еткен кезімде «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» медалін кеудеме тақтым. Сондай-ақ «Кеден қызметіне – 10 жыл. Мінсіз қызмет атқарғаны үшін» медаліне қол жеткізсем, «Атырау кеденіне – 10, 20 жыл» медальдарымен де марапатталдым. Сонымен қатар шекаралас облыстардан Котяевка, Балқұдық, Жыланды, Қарабатан кеден бекеттерін салып, ашылуына мұрындық болдым. Ол бекеттер әлі бар, кейбірі шекара бойында орналасқан. Кеден бекеті қызығын әрі-бері өткен халық көріп, кеденшілер жұртшылыққа мінсіз қызмет көрсетіп жатыр, - дейді ол бізбен әңгімесінде.
Еңбек ардагері Жалғас Отаров жұбайы Қалипамен шаңырақ көтеріп, отбасында 2 ұл, 2 қызды тәрбиелеп, өсірді. Балаларының әрқайсысы бүгінде мамандықтары бойынша әр салада жемісті еңбек етуде. Жалғас Рысқалиұлы жақында ғана «Қазақстан Ресупбликасының Қаржы министрлігіне 100 жыл» естелік төсбелгісімен марапатталып, еңбегі тағы бір мәрте еленді.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА